Ақсу қарттар үйінің 65 тұрғынынан коронавирус табылды

0
861

Инфекция жұқтырған 65 тұрғынның 33-і стационарға жатқызылған.


Ақсу қарттар үйінің 65 тұрғынынан коронавирус табылды

ERNUR.KZ. Ақсу қарттар үйінің 65 тұрғынының коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Сондай-ақ, мекеменің он бір қызметкеріне де осындай диагноз қойылды, деп жазады ҚазАқпарат.


«Қарттар мен мүгедектерге арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін Ақсу орталығының 65 тұрғыны мен он бір қызметкерінен коронавирус анықталды», - деп хабарлады Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Айдар Ситқазинов.


Басқарма басшысының айтуынша, инфекция жұқтырған 65 тұрғынның 33-і стационарға жатқызылған.


«Жағдайлары – жеңіл және орташа. Бірақ қосымша сырқаттары болғандықтан, біз оларды Ақсу инфекциялық ауруханасына жатқызуды жөн көрдік. Сондай-ақ бір науқасқа бұған дейін ота жасалғандықтан, жағдайы ауыр», - деп толықтырды Ситқазинов мырза.


Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдері ҚазАқпарат тілшісіне орталық тұрғындарының жағдайын бақылап отырғанын жеткізді.

Тұрғындар стационарда ем алып жатыр, оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп, жағдайдың бәрі жасалған.

Вирус жұқтырған он бір орталық қызметкерінің төртеуі үй карантинінде.

Қажетті дезинфекциялық және санитарлық-эпидемиологиялық іс-шаралар жасалды.