Ақтау аспанынан байқалған жойғыш ұшақ пен дрон: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады

0
139

Куәгерлер 11 тамыз күні кешке әскери Су-27 жойғыш ұшағын видеоға түсірген.


Ақтау аспанынан байқалған жойғыш ұшақ пен дрон: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады

Фото: lada.kz

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Маңғыстау облысының аспанынан байқалған әскери авиацияның кадрлары тарады. Жағдайға ҚР Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді, деп жазады inbusiness.kz.

Сол кеште Ақшұқыр ауылының үстінен ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА) да байқалған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол әуежай жақтан Ақтау бағытына қарай қозғалған.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, авиацияның белсенділігі ауқымды әскери оқу-жаттығуларға дайындықпен байланысты.

"Бұған дейін азаматтарға 2026 жылғы тамыз-қыркүйек айларында "Батыл тойтарыс – 2026" стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтетіні туралы хабарланған болатын. Дайындық аясында қару-жарақ, әскери техника мен жеке құрамды жауынгерлік даярлық аудандарына жеткізу жұмыстары жүргізілуде", – деп хабарлады ведомство.

Әскерлерді тасымалдау аралас тәсілмен жүзеге асырылады: теміржол эшелондары, автоколонналар және армиялық авиация тартылады.

Оқу-жаттығулар еліміздің барлық аумағындағы оқу полигондарын қамтиды. Әскери қызметшілер құрлықта, әуеде, теңізде және киберкеңістікте түрлі міндеттерді орындау мен әскер түрлері арасындағы өзара іс-қимылды пысықтайды.

Ведомство барлық іс-шаралардың жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын және Қарулы күштердің жауынгерлік даярлығын арттыруға, сондай-ақ оларды қолданудың заманауи тәсілдерін пысықтауға бағытталғанын атап өтті.

Азаматтарды сабыр сақтауға, ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға және жалған ақпарат таратпауға шақырды. Сондай-ақ жалған мәліметтерді таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін еске салды.