Ақтауда полицей сыныптасының қолынан қаза тапты: сот үкімі шықты

0
551

Сотталушы өзінің бұрын сотталмағанын, сондай-ақ істеген ісіне өкініп, марқұмның жақындарына материалдық және моральдық зиянды толығымен өтегенін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады.


Ақтауда полицей сыныптасының қолынан қаза тапты: сот үкімі шықты
ERNUR.KZ. Өткен жылы жазда Ақтауда полицей кісі қолынан қаза тапты. Күдіктіге қатысты сот үкімі шықты, деп жазады sputnik.kz
Полицейді өлтірген адам оның сыныптасы болған. 2022 жылдың 3 тамызында сағат 03:26 шамасында Ақтаудағы 17-шағын ауданда полицей мен сыныптасы жанжалдасқан. Ызаға булыққан сыныптасы полицейдің мойын тұсына пышақ салған. Құқық қорғаушы алған дене жарақатынан аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды.
"Күдікті денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деп танылып, сегіз жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды",- деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сотталған адам мен оның адвокаты апелляциялық шағым түсірген. Қорғаушы Қылмыстық кодекстің 112-бабының 2-бөлігі бойынша жаза кесуді сұраған. "Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде абайсызда өлімге әкеп соқтырған денсаулыққа ауыр зиян келтiру" бабы бойынша айыпты 2 жылға бас бостандығынан айырылады.
Ал сотталушы өзінің бұрын сотталмағанын, сондай-ақ істеген ісіне өкініп, марқұмның жақындарына материалдық және моральдық зиянды толығымен өтегенін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады.
"Сотталған адам мен оның адвокаты үкімді өзгерту немесе жою қажеттілігін растайтын жаңа дәлелдер келтірген жоқ. Сондықтан апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот әділ және дұрыс жаза тағайындады деп есептеді", - дейді соттағылар.
Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалдырылды, ал сотталған мен оның қорғаушысының апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады.

Еске сала кетейік, 26 жастағы полиция қызметкеріне қатысты қанды оқиға 3 тамызға қараған түні, оның еңбек демалысы кезінде болған. Полицей 22 шілдеден бастап кезекті еңбек демалысына шыққан. Ол органда 2016 жылдан бастап жұмыс істеген. Полицей өліміне қатысты жедел-іздестіру кезінде 27 жастағы күдікті анықталып, ұсталды.