Ақтауда уланып көз жұмған екі баланың ата-анасы тергеу барысына наразы

0
582

Өткен оқиғаны өкінішпен еске алған әке сол күні отбасымен есеңгіреп қалғанын айтады.


Ақтауда уланып көз жұмған екі баланың ата-анасы тергеу барысына наразы

ERNUR.KZ. Ақтауда қандаланың уынан екі баласы қайтыс болған ата-ана тергеудің тым созылып кеткенін айтып наразылық білдірді. Себебі бір айдан бері сараптама қорытындысы шықпай, мамандар дәрінің құрамын анықтай алмай отыр, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қайғыдан қан жұтқан отбасы «тіпті бейкүнә балаларды улап өлтірген көршіміз де бостандықта жүр» дейді.

«Әділдік керек. Мен балаларымды жерлеп келдім. Ол кісі әлі үйінде дейді. Сараптаманы дұрыстап істеп берсе болды. Соның маған қорытындысы керек. Неге анықталмай жатыр, бір айдан асып кетті. Кеше өзім медициналық сараптамамен тергеушіге барып таныстым. Бәрі ойдағыдай. Дәрінің құрамын таба алмай тұр», - дейді марқұм болған балалардың әкесі Жанболат Кемелденов.

Он айлық сәбиі мен 2,5 жастағы перзентінен қапыда айырылған ата-ана кінәлі көршісін жазалауды сұрайды. Себебі 23 қазаннан бері қылмыстық іс әлі тергеліп бітпеген. Өткен оқиғаны өкінішпен еске алған әке сол күні отбасымен есеңгіреп қалғанын айтады. Тіпті бәрінің басы айналып құса берген. Тіпті 102-ге хабарласып, олар газдың иісін байқапты. Кейін мамандар мұның бәрі улы дәрінің әсері екенін айтқан.

Қайғыдан қан жұтқан әке қандаланы улайтын дәрі ашық сатылмауы тиіс деп отыр. Ал тәртіп сақшылары сараптама қорытындысын күтіп отырғанын жеткізді.

Естеріңізге салайық, 23 қазанда Ақтауда екі бала қандаланың дәрісіне уланып көз жұмды. Пәтерін зиянкестерден тазартамын деген көрші ешкімге ескертпей, баспанасына дәрі шашып кеткен. Өткір иістен жоғарғы қабатта тұратын бір отбасының екі баласы уланып өлді.

«Бұл дерек Ақтау қаласы полиция басқармасына ҚР қылмыстық кодексінің 304-бабы 3-бөлігімен «Көп адамның өліміне қатысты санитарлық және гигиеналық талаптардың нормаларын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеп- тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелді. Аталған дерек бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазір сараптама қорытындылары дайын емес. Сараптама қорытындылары дайын болғаннан кейін істің қатысушыларына қатысты бұлтартпау шарасының санкция мәселелері қарады», - деді, Ақтау ПБ тергеу бөлімінің бастығы Мақсат Молдабаев.