Кеше Air Astana ұшағының Ақтау әуежайына шұғыл қонған болатын.
Фото: reuters
ERNUR.KZ. Аталған әуе кемесінде "Жетісу" клубының футболшылары мен бапкерлер штабы бар болып шықты, деп жазады inbusiness.kz.
Әуе компаниясының баспасөз қызметі 8 қаңтарда Алматы-Анталья бағыты бойынша КС915 рейсін орындайтын Airbus A321 ұшағы әуежайдан жергілікті уақыт бойынша 08:35-те ұшып шыққанын айтып отыр.
Десе де, техникалық себеппен ұшақ Ақтау әуежайына штаттық режимде қонуға мәжбүр болған. Оған орталық бактың отын жүйесінің сақтандырғыш клапанының ақауы себеп саналды.
Борттағы "Жетісу" клубының футболшылары мен бапкерлер штабы Антальяға оқу-жаттығу жиындарына бара жатқан. Яғни, апатты жағдайда қонған ұшақта Қазақстанның данқты футболшысы, қазіргі бас бапкер Самат Смақовтың да болғаны айтылады.
– Біз Өзбекстанның немесе Түркіменстанның үстінен ұшып бара жатқанбыз. Бір кезде пилот техникалық себептерге байланысты ұшақтың Ақтауға қонатынын хабарлады. Осы ретте бүкіл экипаждың және стюардессалардың кәсібилігін ерекше айтар едім. Ешқандай қобалжу болмады. Біз, тіпті, байқамай қалдық. Біз үшін алаңдағандардың барлығына рақмет айтамын, – деді "Жетісу" клубының бас бапкері С.Смақов.
Айта кетейік, өткен жылдың 25 желтоқсанында Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшыраған еді. Әуе апатынан 38 адам қайтыс болды, ішінде ел азаматтары да бар.