Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 15 млрд теңге бөлінді

0
96

Ақтөбе өңірінде көрсетілген мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында оң динамика сақталуда, осы жылдың 10 айында 353 млрд теңгеге жуық өнім өндірілді.


Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 15 млрд теңге бөлінді

ERNUR.KZ. Мал шаруашылығы саласында төрт түлік малдың басы өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға өсті. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін енгізу аясында «АЙС» сүт-тауар фермасына 2,5%-бен 7,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Бүгінде 800 бас ірі қара малы әкелініп, бірінші кезеңі іске қосылды. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.

Жалпы, жоба аясында сүт өндірісінің қосымша 20 мың тоннаға ұлғаюы күтілуде. Нәтижесінде, өңірдің өңделген сүтпен қамтамасыз ету деңгейі 90 %-ға жетеді.

«Ал, өсімдік шаруашылығына келер болсақ, «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі егіс пен күзгі орақ жұмыстарына жалпы 5,9 млрд теңге көлемінде 5%-бен жеңілдетілген несие берілді. Нәтижесінде биыл 554 мың тонна өнім алынды. Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту бойынша ағымдағы жылы инвестиция көлемі 11,5 млрд теңгені қамтитын 6 жоба жүзеге асырылды. Сондай-ақ «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 16,4 млрд теңгеге 2 883 жоба бойынша несие берілді», – деді спикер.

Әкім баспасөз мәслихаты барысында өңірдің инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, биыл жол саласындағы 186 жобаға 68 млрд теңгеге жуық қаражат бағытталды. Бұл қаржыға жергілікті маңызы бар жолдар, қалалық және ауылдарға кіреберіс, ауылішілік жолдар салынуда. Жыл соңына дейін, нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 82%-ға жеткізу жоспарлануда. Жалпы, өңірде ағымдағы жылы 565 шақырым жол жөнделеді. Бұл ретте, облыс орталығы Ақтөбе қаласы да назардан тыс қалған жоқ. Жыл соңына дейін 35 жоба немесе 67 шақырым көше-желісін нормативтік жағдайға келтіру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ облыс тұрғындары мен қонақтарының назарында тұрған халықаралық маңызы бар «Самара–Шымкент» автожолының «Ақтөбе–Ұлғайсын» бағытында 262 шақырымын қайта жаңғырту бойынша жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде Ақтөбе-Хромтау учаскесінде жаңа өтпелі көпірмен қоса алғанда, 28 шақырым жол жөнделді. Бұл 4 жолақты жол болады.

Сонымен бірге республикалық Орталық-Батыс көлік дәлізінде орналасқан «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» республикалық автожолын орташа жөндеу жалғасуда. Биылға жоспарланған 110 шақырым толық аяқталып, пайдалануға берілді.