Ақтөбе облысында бес бала паротит жұқтырды: Олардың көбі екпе алмағандар

0
112

Аймақта бес бала "шошқа тұмауымен" ауырған.


Ақтөбе облысында бес бала паротит жұқтырды: Олардың көбі екпе алмағандар

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында кейінгі бес жылда алғаш рет паротит тіркеліп, бес бала инфекция жұқтырды. Дәрігерлердің айтуынша, олардың бәрі екпе алмаған, деп жазады stan.kz.

Ақтөбе облысында соңғы бес жылда алғаш рет паротит дерегі тіркелді. Аймақта бес бала "шошқа тұмауымен" ауырған. Барлығы да екпе алмаған.

Дәрігерлердің айтуынша, инфекция өңірде көптен бері кездеспеген. Алайда биыл көктемде күтпеген жерден қайта пайда болған. Паротит халық арасында ауру "шошқа мойын" деп аталады. Себебі науқастың беті мен мойны ісіп, сырт келбеті өзгереді. Вирус сілекей бездерін зақымдап, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік және шайнау кезіндегі ауырсынумен қатар жүреді.

Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлфайруз Жұбаева дерттің қауіптілігі оның асқынуларында екенін айтады:

"Осы ауру асқынуларымен қауіпті. Менингит, энцефалит, орхит, панкреатитке әкелуі мүмкін. Болашақта бедеулікке себеп болуы ықтимал. Жалпы эпидемиологиялық жағдай тұрақты, ошақтарда барлық қажетті эпидемияға қарсы шаралар жүргізілді. Аурудан қорғанудың ең тиімді жолы – вакцина алу", – деді ол.

Қазір балаларға диагноз клиникалық белгілеріне қарап қойылған. Зертханалық сараптамалар әлі жүргізіліп жатыр. Алайда белгілісі ауырғандардың ешқайсысы вакцина алмаған.

Өңірде тағы бір алаңдатарлық жағдай – қызылша деректерінің күрт өсуі. Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Аяғанованың айтуынша, облыста қызылшаның 250 жағдайы зертханалық түрде расталды.

"Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылы бар болғаны 32 жағдай тіркелген еді. Ауырғандардың шамамен 90 пайызы – екпе алмағандар", – деді ол.

Мамандардың айтуынша, қауіп тобына негізінен бес жасқа дейінгі балалар жатады. Барлық ошақтарда санитариялық қызметтер жұмыс істеп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда қызылша ауруының өршуі тіркеліп, әсіресе екпе алмаған балалар арасында жағдай күрделене түскенін жазған едік. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрлігі қосымша шаралар қабылдап, 6-10 айлық сәбилерге ерте вакцинация жүргізуді бастады. Мамандар қызылшаның ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін екенін айтып, екпенің маңызын күшейтіп отыр.