Жобаға құйылған инвестиция 36 миллиард теңгені құрайды.
Ақтөбеде екінші жел электр стансасы іске қосылды. «Бадамша-2» жобасына 36 млрд теңге инвестиция құйылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында «Бадамша-2» екінші жел электр стансасы іске қосылды. Жобаны итальяндық Eni компаниясы жергілікті «Arm Wind» ЖШС-нің еншілес компаниясы арқылы жүзеге асырып отыр. Жобаға құйылған инвестиция 36 миллиард теңгені құрайды.
Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марко Альберти, «Arm Wind» ЖШС басқарушы директоры Алекс Стиллавато, өңірдегі мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдері қатысты.
«Бұл өңірдің экономикалық әлеуетін дамытуға, өндірісті жасыл энергиямен қамтуға арналған маңызды жоба», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
«Бадамша-2» жел электр стансасының құрылысы 2021 жылдың қыркүйегінде басталды. Оның қуаттылығы 2020 жылдың басында пайдалануға берілген және қазіргі уақытта толық жұмыс істеп тұрған «Бадамша-1» жел электр стансасына тең, яғни – 48 МВт. Елші Марко Альберти құттықтау сөзінде: «Бұл Қазақстандағы жел энергетикасы секторындағы ірі жобалардың бірі. Осы арқылы 2030 жылға қарай жалпы электр энергиясының 15% жасыл энергетика құрайды», - деп атап өтті.
Бүгінгі таңда «Бадамша-2» жел турбиналары Қазақстанда көлемі бойынша да (ротордың диаметрі – 158 метр, ось биіктігі – 101 метр), қуаты бойынша да (әрқайсысы 4,8 МВт) ең ірі қондырғы болып табылады. Жел турбогенераторлары жыл сайын 200 ГВт/сағ дейін электр қуатын өндіреді деп жоспарланып отыр. Сонда жыл сайын шамамен 37 000 үй осы энергияны тұтынады деген сөз. Сонымен қатар CO2 шығарындыларының көлемін 173 000 тоннаға азаяды.