Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда әуежайлары шетелдік инвесторларға беріледі

0
1 209

Қазір келіссөздер жүргізілуде.


Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда әуежайлары шетелдік инвесторларға беріледі

ERNUR.KZ. Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда әуежайларын шетелдік компанияларға сенімгерлік басқаруға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Министр еліміздің әуежайларында мультимодалды орталықтар құру мақсатында қажетті құзыреті мен капиталы бар жеке инвесторларды тарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда әуежайларын осы салада тәжірибесі бар жаһандық ірі инвесторларға сенімгерлік басқаруға беру бойынша келіссөздер жүргізілуде", – деді Қарабаев үкімет отырысында.
Сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент әуежайларына инвесторлар тартылып, ұшу-қону жолақтарын, жанармай құю кешендерін реконструкциялау, жолаушылар және жүк терминалдарын кеңейту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.
Қарағанды әуежайында инвестор ұшу-қону жолағын және қажетті арнайы техниканы жаңғыртуды жоспарлап отыр.
"Жалпы, аталған жұмыстарға 2 млрд 400 млн доллар жеке инвестиция, соның ішінде шетелдік инвестициялар тартылып жатыр", – деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, келесі жылы БАӘ инвесторы астаналық әуежайдың ұшу-қону жолағын өз қаражаты есебінен реконструкциялауға кіріседі. Бұл – жаңа басқарушы компанияның алдына қойылған бірінші кезектегі міндеттердің бірі.
Сонымен қатар, 2024 жылы Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын және Балқаш қаласы әуежайының перроны мен рульдеу жолағын реконструкциялау бойынша жұмыстар басталады.