Ақтөбеде 5 мың орындық әмбебап спорт кешенін салуға 18,8 млрд теңге бөлінді

0
176

​Ақтөбе қаласында әмбебап спорт кешені салынады. Нысанды салуға және жабдықтауға Инфрақұрылымды дамыту қорынан 18,8 млрд теңге бөлінді.


Ақтөбеде 5 мың орындық әмбебап спорт кешенін салуға 18,8 млрд теңге бөлінді

ERNUR.KZ. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Ақтөбе облысында халықтың қажеттілігін 73,2%-ға қамтамасыз етіп отырған 770 спорт нысаны жұмыс істейді. Соңғы үш жылда өңірде 31 жаңа кешен пайдалануға берілді. Алайда қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктеме әлі де жоғары, бұл тұрғындарға арналған жаттығу бағдарламаларын кеңейту мүмкіндігін шектеп отыр.

Жаңа кешеннің жалпы ауданы 31 мың м2 асады. Нысан отандық құрылыс материалдарын пайдалана отырып салынуда. Жобада бірнеше функционалдық аймақ қарастырылған:

  • халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған 5 мың орындық негізгі арена;
  • олимпиадалық стандартқа сай 50 метрлік жүзу бассейні;
  • спорттық және көркем гимнастикаға арналған арнайы жаттығу залдары;
  • спорттық ойын түрлеріне (баскетбол, волейбол, футзал) арналған залдар;
  • йога және пилатеспен айналысуға арналған сауықтыру залдары.

Кешеннің жаттығу залдары кәсіби спорт жабдықтарымен жарақтандырылады. Оларды сатып алуға да Инфрақұрылымды дамыту қорынан қаражат қарастырылған. Спортшыларды даярлауға отандық және шетелдік жаттықтырушыларды тарту жоспарланған.

Жобада кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылған. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін кешеннің барлық негізгі аймағына, соның ішінде көрермендер трибуналарына, киім ауыстыратын бөлмелерге, бассейн мен жаттығу залдарына, сондай-ақ кіреберістер мен нысан аумағына кедергісіз қатынау мүмкіндігі қарастырылған.

Кешенді 2028 жылғы ақпанда пайдалануға беру жоспарланған. Жаңа нысан өңірдің гимнастика залдары мен олимпиадалық бассейнге деген қажеттілігін өтеуге, қаладағы спорт нысандарының тәуліктік өткізу қабілетін арттыруға, сондай-ақ балалар мен жастардың спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері елімізде 188 спорт кешенінің құрылысы жүргізілді. Бүгінде 69 нысанның құрылысы аяқталды, оның 51-і ауылдық жерлерде ашылды. Жыл соңына дейін тағы 52 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Бұл өңірдің спорт инфрақұрылымын кеңейтуге мүмкіндік береді.