Бас прокурор барлық мекемені тексеруді тапсырып, тергеу барысын бақылауға алды.
ERNUR.KZ. Бас прокурор Берік Асылов Ақтөбедегі әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жәбірленгені туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп жазады sputnik.kz.
"Ерекше балаларға зорлық-зомбылық көрсету адамгершілікке жатпайды. Ақтөбедегі әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің балаларды жәбірлеу фактісі бойынша барынша қатаң шаралар қолданылады. Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі (Жәбірлеу) бойынша тергеу басталды. Тергеу барысы бақылауға алынды", - деп жазды бас прокурор әлеуметтік желіде.
Ол осыған ұқсас мекемелерді тексеруді тапсырғанын атап өтті.
Еске сала кетейік, ақыл-есі кем балаларға арналған орталық қызметкері тәрбиеленушілерді аяусыз соққыға жықты деген күдікке ілінді. Мекемеде ақыл-ой кемтарлығы бар, церебральды сал ауруына, Даун синдромына және олигофрения ауруына шалдыққан балалар тұрады.
Прокурорлар камераның жазбаларын қарап, қызметкердің балаларды бірнеше рет ұрып-соққанын анықтады.