Ақтөбеде арыққа құлаған қыздың жағдайы белгілі болды

0
607

Оқиға кеше кешкілік Батыс-2 мөлтек ауданында "Арбат" тұрғын үй кешенінің жанында болды.


Ақтөбеде арыққа құлаған қыздың жағдайы белгілі болды

ERNUR.KZ. Ақтөбеде қар суы толған арыққа құлаған қыздың жағдайы туралы Батыс-2 мөлек ауданындағы отбасылық медициналық орталықтың бас дәрігері Төлеу Сапаров мәлімдеді, деп жазады exk.kz.

Оның айтуынша, оқиға болған кезде жедел жәрдем қызметкерлері дер кезінде көмек көрсеткен. Дәрігерлер "іштің жұмсақ тіндері көгеруі" диагнозын қойған. Жарақаты ауыр болмағандықтан ата-анасы ауруханаға жатқызбаған.

"Бүгін учаскелік дәрігерлер баланың жағдайын білу үшін үйіне барды. Бірақ ешкім есік ашпады. Әкесімен телефон арқылы сөйлестім. Ол өзінің жұмыста екенін, баласының жақсы екенін айтты", деді Төлеу Сапаров.

Қыз баланың әкесі ешқандай ақпарат бермейтінін, баласының сабаққа барып жүргенін айтқан.

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров су тасқынына қатысты брифингте қыз баланың жағдайы бір қалыпты екенін, қаладағы ахуалдың бақылауда екенін айтты.

"Таңертең баланың жағдайын білмек болып, кіріп шығайын дегенмін. Бірақ жағдайы жақсы деді. Анасы дәрігер. Жағдайын қарап отыр. Денсаулығына қауіп жоқ", деді әкім.

Қала әкімінің айтуынша, даладағы қар суы аталған ауданға бір сағаттың ішінде келген. Оңтүстік айналма жолмен өтіп, бірден Батыс-2 ауданына кірген. Қазір су сорылып жатыр.


Оқиға кеше кешкілік Батыс-2 мөлтек ауданында "Арбат" тұрғын үй кешенінің жанында болды.

Кәмелетке толмаған бала тротуарға өтпек болғанда еріген су тасқынымен арыққа құлады. Аяғы түбіне ілініп қалып, шыға алмады. Оны жақын маңдағы фитнес-орталығы мен полиция қызметкерлері құтқарып қалды.