​Ақтөбеде екі балалы әйелдің үстіне аялдама құлап, омыртқасы сынды

0
1 879

Анасын құтқармақ болған үлкен баласы бар күшімен құлап келе жатқан аялдаманы ұстап қалмақ болған


​Ақтөбеде екі балалы әйелдің үстіне аялдама құлап, омыртқасы сынды

ERNUR.KZ. Ақтөбе қаласында 49 жастағы тұрғынның үстіне аялдама құлап кетті, деп жазады «Мой город».

Оқиға 13 тамызда болған. Әйел екі баласымен аялдамада тұрғанда аяқ астынан қатты жел тұрып, аялдаманы құлатқан. Салмағы ауыр аялдама екі балалы әйелді басып қалған.

Қазір Сания Сафина теміржолшылар ауруханасының травматологиялық бөлімінде жатыр. Дәрігерлер омыртқасының сынғандығын анықтап, оған екі ай бойы төсекте жату керектігін айтты.

Әйелдің кіші ұлы жеңіл жарақат алды, ал үлкенінің бас бармағының сіңірі созылған. Себебі, ол бар күшімен құлап келе жатқан аялдаманы ұстап қалуға тырысқан.

Санияның айтуынша, аялдаманың кесірінен тағы да бір балалы әйел зардап шеккен көрінеді, бірақ ол жеңіл жарақат алыпты. Оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем барып, Сания Сафинаны ауруханаға жеткізді.

Бұл оқиғаны жергілікті әкімшілік жолда жөндеу жұмыстары болып жатқандықтан аялдаманың уақытша бекітіліп тұрғандығымен түсіндірді. Қазір қауіпті аялдама алынып тасталды. Ендігі жерде жалғыз басты ана болған оқиғаға кінәлі шенеуніктерді сотқа бермек.

«Мен аялдаманың құлап келе жатқанын көрдім. Тек бір ғана ойым болды – баламды құтқару ғана. Арғы жағы есімде жоқ. Енді кінәлілерді сотқа беремін. Менің орнымда бала болса ше? Тірі қалмас еді ғой?!», - дейді омыртқасы сынған әйел.