Ақтөбеде Heriot-Watt университетінің 107 студенті екінші курсқа көшпей қалды

0
489

Ақтөбеде Heriot-Watt университетінің екінші курсына көшпей қалған студенттердің ата-аналары өз талабын қойды.


Ақтөбеде Heriot-Watt университетінің 107 студенті екінші курсқа көшпей қалды

ERNUR.KZ. Ақтөбеде Heriot-Watt университетінің 107 студенті екінші курсқа көшпей қалып, ата-аналар өз талабын қойды. Олар балаларын Қ.Жұбанов өңірлік университетінің грантына қабылдауды сұрап отыр, деп жазады inform.kz.

Ақтөбеде Heriot-Watt университетінің екінші курсына көшпей қалған студенттердің ата-аналары өз талабын қойды. Олар биыл 23 тамызда ғана ата-аналарға хабар берілгенін, бір жыл уақыты босқа кеткенін айтып шағымын жеткізді.

- Былтыр «балаңыз оқуға түсті, құттықтаймыз» деген хабарлама алдық. Ал биыл 23 тамыз күні сағат 16:00-17:00 аралығында 107 балаға «сіз екінші курсқа өтпедіңіз» деген хабарлама түскен. Балаларымыздың білім сапасы жөнінде неге бірінші курстің бірінші семестрінде ескетпеді? Сол кезде ертерек қамданар едік. Басқа ЖОО-ға алып кетуге де уақыт болар еді. Осы оқу орнына қабылданған кезде 50 балл жинаған талапкердің бәрі қабылданды. Екі диплом береді деді. Содан өзге гранттан бас тартып, осында келдік. Қ.Жұбанов өңірлік университетінің ректорымен кездескенде тек екінші курсты осы университетте тегін оқитынын, әрі қарай ақылы екенін білдік. Бірақ біз 4 жыл бойы грант болғанын қалаймыз. Балаларымыз ауылдан келді, ағылшын деңгейі бірдей емес. Бірінші курста ғана тілді меңгерді, екінші семестрде барлық пән ағылшын тілінде өтті. Егер біздің балаларымыз сабақты алып кете алмаса, оқытушылардың да сапасы нашар болған шығар, - деді Жәмила Қазмағамбетова.

Қ.Жұбанов атындағы университеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда 107 студенттің 70-тен астамы Қ.Жұбанов университетінің екінші курсына тегін оқуға мүмкіндік беретін білім беру бағдарламаларына ауысуға өтініш жазды. Бұл студенттер Heriot-Watt университетінің академиялық стандарттарының талаптарына сай келмей, келесі курсқа өтпеді.

- 2023 жылы 500-ден астам адам мемлекеттік грант байқауына қатысуға өтініш білдірді. Оның 300-і ҰБТ-да жинаған балының нәтижесінде мемлекеттік грантқа ие болды. Шекті балы – 50. Бұл еліміздің әр өңірінен келген және әр түрлі тұрғындар санатына жататын талапкерлерге білім грантын алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар ағылшын тілін білудің белгілі бір деңгейі қосымша талап етілді. Ағылшын тілінен арнайы емтиханды Heriot-Watt университетінің өкілдері жүргізді. Бірінші семестр толығымен ағылшын тілін оқытуға арналды. Екінші семестрде студенттер ағылшын тілін меңгерумен қатар тиісті мамандықтарға сәйкес (физика, математика, химия немесе информатика) базалық пәндерді оқыды. Оқу барысында студенттер мен олардың ата-аналарына оқу үлгерімі туралы хабарламалар бірнеше рет таратылды. Екінші семестрдің қорытынды бағасы тамыз айының бірінші онкүндігінде Heriot-Watt порталына шықты. Сол уақытта студенттердің басқа университетке ауысуына мүмкіндік болды. Шекті балға қол жеткізе алмаған студенттерге емтиханды қайта тапсыруға мүмкіндік берілді. Барлық емтихан мұқият тексеруден өтті және студенттердің қорытынды бағалары 23 тамыз күні Heriot-Watt университінің сайтында жарияланды. Осылайша студенттердің академиялық жағдайын түзетуге немесе басқа білім беру бағдарламаларына ауысуына мүмкіндік болды. Бірінші оқу жылының қорытындысы бойынша Эдинбург қаласындағы Heriot-Watt университетінің ғылыми кеңесі Ақтөбе кампусындағы 200-ге жуық студентті екінші курсқа ауыстыру туралы шешім қабылдады. Бұл студенттердің көпшілігі бағдарламаны меңгеріп, білім деңгейін растай алды. Оқу үлгерімі нашар студенттерді оқудан шығару барлық жоғары оқу орындарында қалыпты үрдіс, - деп хабарлады Қ.Жұбанов атындағы университеттің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, былтыр Ақтөбеде әлемнің жетекші университеттерінің бірі Хериот-Уотт университетінің (Heriot-Watt University) филиалы ашылды. Жоғары оқу орны өз жұмысын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Хериот-Уотт университетінің ынтымақтастығы аясында бастады.