12 жастағы оқушының өлімі қайғылы оқиға деп танылған.
Ақтөбеде қаңғыбас иттер талап өлтірген баланың өліміне қатысты қылмыстық іс жабылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, 12 жастағы оқушының өлімі қайғылы оқиға деп танылған.
Жантүршігерлік оқиға Ақтөбенің Есет батыр ауданында болды. Кешке ауласына ойнауға шыққан 12 жастағы Мадияр Шакираттың мәйітін жақындары сол маңдағы құрылыс алаңынан тапқан. Анықталғандай баланы сау жерін қалмай қаңғыбас иттер талап тастапты. Оқиға қатысты қылмыстық іс қозғалып, екі ай бойы тергеу-тексеру шаралары жүргізілгенімен, іс жабылды.
«Сот медициналық сараптама нәтижесінде баланың өлімі иттердің талағанынан болғаны анықталды. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды», - деді Ақтөбе облысы ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Нұрболат Сұлтанов.