35 жастағы Қарлығаш Жармағанбетова үшемді «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша жасанды ұрықтандыру әдісімен көтерген.
иллюстрациялық фото
Ақтөбеде Қасым, Жомарт, Кемел есімді үшем дүниеге келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.
13 жастағы қыздан кейін бір перзент сүюді армандаған Болатовтар әулеті бір сәтте көп балалы отбасына айналды. Сәбилердің есімін мемлекет басшысындай тұлға болсын деген ырыммен қойдық дейді үшемнің анасы.
"Енем бар кезде үйлеріңде ер бала дүниеге келіп жатса, атын Кемел қойыңдар деп айтып кетті. Қазір өкінішке қарай енеміз қасымызда жоқ. УЗИ-ден үшем деп айтқан кезде үлкенін Кемел деп шештік бірден, аман-есен босанып жатсам, Кемел деп қоямыз дедік. Егіз бала, ер бала дегесін қасына Қасым, Жомарт деп Президентіміздің атын қойдық", - дейді үшемнің анасы Қарлығаш Жармағанбетова.
35 жастағы Қарлығаш Жармағанбетова үшемді «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша жасанды ұрықтандыру әдісімен көтерген. Айы, күні жеткенде облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері кесарь тілігін жасап, босандырып алды. Бұл- Ақтөбедегі соңғы екі жылда дүниеге келген алғашқы үшем. Шақалақтар мен олардың анасы әлі он күндей перзентханада болады.
"Балалардың жағдайы жақсы, қазір анасының жанында, салмақ қосқанша бақылауымызда болады. Шараналардың салмағы -қазір 1900 грамнан 2600 грамға дейін", - дейді Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығы директорының орынбасары, Андрей Гайдай.