Ақтөбе облыстық ПД және облыстық ТЖД өңірдегі бірнеше жолдың уақытша жабылғанын хабарлады.
Ақтөбе облыстық ПД және облыстық ТЖД өңірдегі бірнеше жолдың уақытша жабылғанын хабарлады. Қазіргі кезде жел күшейіп, далада боран соғып тұр. Салдарынан Ақтөбе – Астрахань автожолының Ақтөбе қаласынан Қандыағаш қаласына дейінгі аралық жүк және қоғамдық көліктер үшін жабық. Ал Қандыағаштан Атырау облысының шекарасына дейінгі аумақта көліктің барлық түрі жүре алмайды. Сонымен бірге Самара – Шымкент тасжолының Ақтөбе қаласынан Қарабұтақ ауылына дейінгі аралық қауіпті саналып, жүк көлігі мен автобустарының қозғалысы шектелді. Сонымен бірге Ақтөбе – Болғарка автожолы уақытша жабылды.
Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, егер күн райы өзгерсе жолды түнде қайта ашуы мүмкін. Қазіргі кезде Ақтөбедегі солтүстік айналма жол, Покровка-Темір-Ембі, Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық және Қандыағаш қаласынан Шалқар қаласына дейінгі аралық толық жабылды. Жергілікті маңызы бар Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск тасжолының Хромтау қаласынан Ақтөбе-Орск тасжолына дейінгі аралыққа шектеу қойылды. Ал Ақтөбе қалалық әкімдігі орталықтағы ең үлкен туды уақытша түсіруге шешім қабылдаған.


