Шалқар қаласында жоғары сынып оқушылары төбелесіп қалған.
ERNUR.KZ. Ақтөбеде оқушылар төбелесіне байланысты полиция ата-аналармен кездесу өткізді, деп жазады ҚазАқпарат.
27 қаңтарда Шалқар қаласында жоғары сынып оқушылары төбелесіп қалған. Салдарынан 16 жастағы ер бала пышақ жарақатын алды. Полиция төбелескендердің барлығын анықтап, 9 сынып оқушысын ұстады. Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 99 - бабы, яғни «Адам өлтіруге оқталу» бойынша тергеу амалдары басталды.
Сонымен қатар Шалқар қаласының № 8 орта мектебінің базасында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында Ақтөбе облысының ПД бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов білім беру бөлімінің өкілдерімен, ата-аналармен және жоғары сынып оқушыларымен жиналыс өткізді.
«Жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу отбасының, сондай-ақ мектептің алғашқы міндеті болып табылады. Тәрбие отбасынан басталуы керек. Ата-аналар баланың қайда екенін білуі тиіс. Полиция оқу орындарында алдын алу шараларын өткізуде, бірақ бұл аз. Біз қоғаммен бірлесіп оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтарға қарсы тұруға тиіспіз» - деп атап өтті Қ. Нұрмағамбетов.