Ақтөбеде жеке оңалту орталығынан шу шықты.
Егіз мүгедек балалардың анасы орталыққа кеткен ұлдары сырқатына сырқат қосып келгеніне ашулы. Ерекше балалардың анасы енді орталықтан емге кеткен қаражатты қайтаруды талап етіп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.
Гүлбану туғаннан психикалық дамуында ауытқуы бар егіз ұлдарын шілденің ішінде оңалту орталығына ем алуға жатқызған. Әуелі бір ұлы орталықта аяғының бәшпайы шығып кетіп үйге жылап келіпті. Ал он күннен соң екінші ұлы да әткеншектен құлап иығын шығарып алған.
"Маған түсіндіргендері бала качеледен құлап қалып байқаусызда сындырды деді. Бірақ ешқандай скорый шақыртып, сол жерде қалтамда телефонымда жоқ. Өздерінің машинасымен апарайыншы деп көмектесуге болады ғой. Біз жаяу үйге бардық. Үйден бала бақырып жылап скорый шақырттық. Адамгершілік деген болады ғой. Даже кешірім сұрған жоқ. Сөйлеспейді де", - дейді балалардың анасы Гүлбану Жанбозова.
Қазір баланың иығына гипс салынған. Оны шешкеннен соң қайта оңалту шараларын жалғастыру керек екен. Оған қыруар қаржы қажет.
"Енді бірінші кезекте менің айтқаным біздің ақшамызды қайтарыңыз және де ем-шараның шығының бәрін төлеңіз. Кешірім сұраңыз ең болмаса ананың алдында. Екі бала бірдей бізгеде ауыр ғой. Ол бала гипспен ұйықтай алмайды. Қиналады", - дейді Гүлбану Жанбозова.
Оңалту орталығы басшылығы да балалардың орталықта осындайға жағдайға душар болғанын мойындайды. Бірақ басында олардың дене мүшелері сынғанын білген жоқпыз деп ақталды. Ерекше күтім қажет ететін егіздердің ем алуына көмектесуге дайынбыз дейді.
"Балалар орталықта болғанда олардың дене жарақаттарын алғанын білген жоқпыз. Кейін ауруханаға барғаннан кейін анықталды. Елу мың теңге көлемінде моральдық шығын төлеуге дайынбыз. Балаларын жұбатсын деп шақыртқанбыз, анасын. Біз балаларға әрі қарайда оңалту қызметін, массаж, тағы басқа ем-шараларын ұсына аламыз. Көмектесуге дайынбыз", - дейді Оңалту орталығының директоры Руслан Қазыбаев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасында бұл жағдайға қатысты тексеру шараларын жүргізетіндігін жеткізді. Сондай-ақ балалардың алдағы уақытта тегін ем алуына де көмектеспек.
"Бұл балалардың емі осы қыркүйек айына облыс деңгейінде реаблитациялық орталықта ем алады. Енді желтоқсан айында республикалық оңалту орталығында ем алу жоспарлы түрде порталға қойып, осы екі баланы жібереміз", - дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.
Балалардың анасы болса, полицияға арызданған.