Ақтөбеде жалған 5 мың теңгемен дүкендерді тақырға отырғызғандар жазаланды

0
711

Олар тек 5 мың теңгелік купюрлар жасаған.


Ақтөбеде жалған 5 мың теңгемен дүкендерді тақырға отырғызғандар жазаланды

ERNUR.KZ. Ақтөбеде 5 мың теңгенің жалған көшірмесін жасатып, ауылдастарын алдап келген қылмыстық топ мүшелері бүгінде көше сыпырып жүр. Жалған ақшамен пайда тапқан 20-21 және 16 жас аралығындағы төрт адам қылмыстары үшін екі жыл абақтыда отырып шыққан. Қалған жазасын қоғамдық жұмыс арқылы өтеу міндеттелген топ мүшелері үш жыл бойына ауылда көше сыпырып, қоқыс жинайды, деп жазады nur.kz.

Ақтөбе облысы қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің хабарлауынша, қылмыстық топ 400 мың теңге көлемінде жалған ақша дайындаған. Жеңіл ақшаға дәніккендер жалған ақшаны түрлі-түсті көшірме аппараты арқылы үй жағдайында шығарып отырған.

Тергеу кезінде анықталғандай, ауылдастарынан айласын асырмақ болғандар тек 5 мың теңгелік купюрлар жасаған. Олар қолдан жасаған жалған ақшаларымен ауылдағы базар мен дүкендерде сауда жасап, қайтарымға берген ақшаларды да пайдаланған.

Осылайша жеңіл жолмен, алаяқтықпен ақша табуға әбден көндігіп алған төртеу жалған ақшаны кейін таксимен жүруге де пайдалана бастайды. Олар Орал қаласында такси жүргізушісіне екі бірдей 5 мыңдық купюрмен төлем жасау кезінде қолға түскен. Такси жүргізушісі жалған ақшаны бірден танып, дереу полиция қызметкерлеріне хабарлаған. Тергеу кезінде қылмыстық топтың басқа мүшелері де анықталды.

Ақтөбе облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен қылмыстары әшкере болған төрт азамат та 5 жыл көлемінде бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Олардың үшеуінің түзеу мекемесіндегі тәртібі жақсы болғандықтан, екі жыл көлемінде жазасын абақтыда өтегеннен кейін бостандыққа шығарылған. ҚРҚК-нің талаптарына сәйкес қалған жазаны бас бостандығынан шектеу түрінде өтейді. Жауапкерлерді жылына 100 сағаттан қоғамдық жұмысқа тарту міндеттелген.


«Алға аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматтардың өз жұмыстары бар болғандықтан, күніне 4 сағаттан Алға қаласының көшелерін жинау, қоқыстан тазарту, өсіп кеткен ағаш бұтақтарын кесу секілді жұмыстарды атқарып, жазасын өтеп жатыр»,- деп хабарлайды Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.