Оқиға былтыр мамыр айында болған.
ERNUR.KZ. Ақтөбедегі оқу орындарына жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарлама жіберген күдікті анықталды, деп жазады ulysmedia.kz.
Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлім етті.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға былтыр мамыр айында болған. Өңірдегі педагогика, медицина саласына бағытталған жоғары оқу орындарымен қатар құқыққорғаушыларды тәрбиелейтін институттың ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарланған. Шұғыл тексеру кезінде ештеңе табылмаған.
«Барлық шұғыл қызметтер, саперлер мен кинологтер қызметтік иттерін алып оқиға орнына барды. Қызметкерлер мен студенттер эвакуацияланды. Жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Облыс ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында Батыс Қазақстан облысы мектептерінің бірінің 10-сынып оқушысын анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Оқушы істеген ісін мойындады. Полицейлер компьютерді тәркіледі. Құқық қорғау органдарында осындай қылмыстарды анықтауға және ашуға арналған жаңа техникалық құралдармен жабдықталған арнайы бөлімшелер бар», - деді Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Арнайы қызметтердің жалған қоңырауға жұмсаған шығындары жасөспірімнің ата-анасынан өндірілмек.
Жалған террористердің жазасы қандай?
Бас прокуратура мәліметінше, өткен жылы жарылғыш зат туралы жалған хабар таратқан 25 адам сотталды. Мысалы, 2022 жылғы шілдеде Қостанай облысының тұрғыны өз көршісінен кек алу мақсатында электрондық поштасын бұзып, оның атынан Астана және Алматы қалаларының 13 нысанындағы (сауда орталықтары, әуежайлар, банктер және т.б.) терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жібергені үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, Алматы облысында құрдастарымен бәстесіп электронды пошта арқылы 3 мектепті миналау туралы хабарлама жіберген 13 жасар бала анықталып, полицияға жеткізілді. Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамаған үшін оқушының ата-анасы жауапкершілікке тартылды.
Терроризм актісі жайлы жалған хабар таратқаны қылмыстық жауапкершілікке тарту 14 жастан басталады.
ҚР ҚК 273-бабы бойынша телефон террористеріне бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстары түріндегі жаза, сондай-ақ бес жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру көзделген.
Сонымен қатар сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық залал өтелуге жатады. Арнайы қызметтердің мұндай жалған шақыруларға бір шығуына 200-ден 300 мың теңгеге дейінгі қаржысы жұмсалады, ал кәсіпорындар мен ұйымдардың тоқтап қалуынан келген залал миллиондаған теңгемен есептеледі. Егер мұндай әрекеттерді кәмелетке толмағандар жасаған жағдайда залалды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.
Бұдан бұрын Бас прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп көрінеу жалған терроризм бойынша қылмыстық жауаптылықты күшейту және құқық бұзушылықтың осы түрін «ауыр» санатқа жатқызу (7 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі) туралы мәселе пысықталып жатқаны хабарланған.
Айта кетейік, ақпан айының басында Өскемен мектептеріне жарылғыш зат қойылғаны жайлы жалған хабарламалар толастамай, қала оқушылары 10 күн бойы сабақ оқудан қалған.