Ақтөбелік оқушылар кеншілерді уланудан сақтайтын құрылғы ойлап тапты

0
410

Оқушылар арасындағы конкурс 1 наурыз бен 27 қыркүйек аралығында өтті.


Ақтөбелік оқушылар кеншілерді уланудан сақтайтын құрылғы ойлап тапты

ERNUR.KZ. Биыл Digital Bridge-2022 форумы аясында өткен оқушылар арасындағы байқауға қатысушылар саны рекордтық көрсеткішке – 800 адамға жетті, деп жазады ҚазАқпарат.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл 2021 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Жеңімпаз командалар 300 мыңнан 4 млн теңгеге дейін сыйақылар алады.

Оқушылар арасындағы конкурс 1 наурыз бен 27 қыркүйек аралығында өтті. Қатысушылар әртүрлі салаларда бірегей IT шешімдер әзірлеу арқылы сайысқа түсті. Жүлделі орындарды Ақтөбе (Virgo), Қостанай (Ortus) және Шымкент (Kazbionics) оқушыларынан құралған командалар иеленді.

370 команданың ішінен ең мықты 10 команда іріктелді. Байқаудың мұндай форматы болашақ көшбасшыларға шығармашылық қабілеттерін дамытуға және маңызды мәселелерді ерекше жолмен шешіп, заманауи цифрлық жобаларды ғылымды, технологияны, инженерия мен математиканы пайдалана отырып, әзірлеуге мүмкіндік береді.

«Бүгін форумда Мемлекет басшысы цифрлық экономика мен Индустрия 4.0-ді дамыту еліміз үшін басым бағыт болатынын және адами капиталды нығайту керегін айтты. Мұндай іс-шаралар - дарынды балаларға көрсетілген үлкен қолдау және ынталандыру, сондай-ақ жаңа идеялар мен шығармашылық цифрлық шешімдерді жүзеге асыру мүмкіндігі. Қатысушылар мен олардың тәлімгерлеріне стартаптарды елімізде ғана емес, шетелде де табысты бизнес-жобаларға айналдыруды тілеймін», - деді марапттау рәсімінде Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов.

Бірінші орын алған команда кеншілерді зиянды шығарындылармен уланудан сақтайтын арнайы құрылғы ойлап тапты.

«Біз жобаны ұзақ уақыт әзірледік. Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымыз. Жобамыз - бұл портативті газ анализаторының жұмыс істейтін кешені және оған арналған мобильді қосымша. Nuret ss құрылғысы күнделікті қиын физикалық жағдайларда жұмыс істейтін, көбінесе өміріне қауіп төндіретін кеншілерге арналған. Құрылғы шахталарда жиналатын қауіпті газдардың ұсақ буларын ұстай алады. Осылайша, IT құрылғы кеншіге денсаулығына қауіп төнуі мүмкін екені туралы ескертеді», - деп айтты байқау жеңімпаздары.

Екінші орынды Ortus командасының стартапы иеленді. Оқушылар егістіктерді тозаңдандыруға және өңдеуге арналған ауылшаруашылық роботын құрастырды.

Үшінші орын алған Kazbionics командасы толыққанды қол протездерін жасап шығарды.

Форум аясындағы Samsung стартап байқауы жыл сайын өткізіледі және ол IT саласындағы креативті және заманауи шешімдерді анықтауға бағытталған.