Ақтөбеліктерді алдаған Gold басшыларына қылмыстық іс қозғалды – Қаржы пирамидасы

0
1 148

Ресейдің екі азаматы қаржы пирамидасын құрғаны үшін тергеліп жатыр.


Ақтөбеліктерді алдаған Gold басшыларына қылмыстық іс қозғалды – Қаржы пирамидасы

фото: видеодан скринделген

ERNUR.KZ. Ақтөбеде қаржы пирамидасының қос бірдей қожайыны қамауға алынды. Ресейдің екі азаматы әдеттегідей, «салған ақшаны еселеп қайтарамыз» деп уәде еткен, деп жазады ktk.kz.

Ал тәртіп сақшылары олардың қитұрқы әрекетін «енді байқадық» деп отыр. Миллиондаған ақшасын қаржы ұйымына құйған салымшылар «Gold атауымен танылған пирамиданың иелерін босатуды талап етті. Яғни алданғанына сенбей отыр.

Жылға жуық Gold фирмасының кеңсесінің алды кезекке тұрған салымшылардан босаған емес. Ұйымның «пирамида» екені анықталып, есігіне құлып салынса да, тұрғындар қаптап жүр. Алғашқыда жеңіл жолмен «ақшаларын еселейміз» дегендер енді қаржысын қайтарудың амалын қарастыруда. Олар күмәнді қаржылық ұйым құрғаны үшін қамауға алынған Ресейдің екі азаматын босатуды талап етеді.

"Туыстарым бар, қаншама адам бар. Ең аз салғаны 300-ден. Миллионы бар, бес миллионы бар. Ақтөбеліктердің 80 пайызы. Маған қайткенде де ашылып, кейін халықтың ақшасы қайтарылып берілсін" - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Жұмагүл Меңдіғалиева.

Қазір қаржы пирамидасының кеңсесіндегі барлық техника мен ақша алынған. Енді салымшылар қаржы ұйымы күдік тудырса, жылға жуық полицейлер «қайда қарап отырды?» деп ашынады. Ең қызығы, ақшасын еселегесі келгендер қатарында сол тәртіп сақшыларының өзі де болды дейді тұрғындар.

"Басында полиция неге әрекет етпеді? Басында алааяқ екенін білді, сонда неге қамамады? Бүкіл полициялық ақша салды, біз куәміз, халық куәміз. Бәленбай полицейліктер киім формасымен ақша әкеліп салды" - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Болған Шопанова.

Ал Ресейдің екі азаматы қаржы пирамидасын құрғаны үшін тергеліп жатыр. Оларға сот екі айға санкция беріпті.

"Gold компаниясының басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ұйымды тексеру кезінде қаржылық пирамида екені анықталды. Осыған байланысты қызметі тоқтатылды. Қазір күдікті ретінде Ресейдің екі азаматы абақтыда отыр. Қаржылық ұйымға қатысты сапартама жүргізілуде" - дейді Ақтөбе облыстық ПД тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Евгений Годлевский.

Салымшылардың ақшасы соттың үкімі шықпайынша, әзір қайтарылмайды. Сондықтан тәртіп сақшылары қаржы салғандардан арыз қабылдап жатыр. Онда да «жәбірленуші» деп танылса ғана ақшасын даулай алады екен.