Оны жасап шығаруға 5 жылдан астам уақыт кеткен.
ERNUR.KZ. Алматыда ұйымдастырылған «Digital Almaty» форумында кәсіпорын мен қоғамға қажетті ақылды құрылғылар таныстырылды, деп жазады baq.kz.
Сондай құрылғының бірі – ақылды каска. Оны жасап шығаруға 5 жылдан астам уақыт кеткен.
Біз өндіріс орындарына аса қажетті ақылды каска құрастырдық. Ол арқылы құрылыс, апат кезінде жұмысшының қайда екенін біліп, көре аламыз. Каскаға GPS құрылғысы қосылған. Осы арқылы адамның орналасқан жері белгілі болады. Қарап отырсаңыз, камера жалғадық. Бұл арқылы жұмысшының айналасын көруге болады. Бұдан бөлек, басқа адамдардың қорғаныш құрылғысын, касканы кимегенін көрсетіп, дабыл қағады. Сондай-ақ қиын жағдайға тап болған жұмысшы дыбыстық хабарлама жіберіп, өзінің жағдайын баяндауға мүмкіндік бар. Осылайша, оқиғаның мән-жайын, апаттың қалай болғанын білуге болады. Бұл бейнелерді әлеуметтік желілер мен телеарнаға ұсынуға болады. Қорғаныш бас киімінде жарық, лазер бар. Біздің компания Алматы қаласында орналасқан. Ақылды каска арқылы жоғалған жұмысшыны бірден анықтауға болады, - дейді құрастырушы Шлиомензон Яков.
Ол сондай-ақ қорғаныс құралдарын жасау жұмысы ізденіске байланысты үнемі жаңарып отыратындығы атап өтті.
Бұл құрылғыны жасап шығаруға 5 жылдан астам уақыт кетті. Дегенмен біз жаңаша дүниелерді қосуға тырысамыз. Мәселен, алғашында каскаларда Bluetooth қосылмаған еді. Бұл арқылы біз жұмысшының денсаулығын, жүрек қағысын, жүрген жолын есептей аламыз. Жұмысшы қиын жағдайға тап болғанда, оның денсаулығы да бақылауда болады,- дейді Шлиомензон Яков.