Қазақстанда үш әуежайды іске қосу мерзімі 2027 жылға ауысты

0
130

Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлідегі әуежайлар 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында жолаушыларды қабылдай бастайды.


Қазақстанда үш әуежайды іске қосу мерзімі 2027 жылға ауысты

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.

Оның айтуынша, Зайсан мен Кендірлідегі әуежайларды 2026 жылдың соңына дейін, ал Қатонқарағайдағы нысанды 2027 жылдың ақпанында аяқтау жоспарланған. Құрылыс жұмыстары біткен соң құжаттарды ресімдеп, лицензия алу қажет болады.

"Келесі туристік маусымға қарай үш нысан да толыққанды жұмыс істеуі тиіс. Олар Президенттің тапсырмасына сәйкес туризмді дамыту үшін салынып жатыр", - деді Нәлібаев.

Әуежайлардың құрылысы 2024 жылы басталды. Нәлібаевтың мәліметінше, Зайсандағы әуежайдың құны шамамен 68 миллиард теңгеге, Кендірлідегі - 69 миллиардқа, ал Қатонқарағайдағы - 89 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Жұмыс барысын әкімдер күнделікті бақылауда ұстайды. Нәлібаевтың өзі осы жылдың маусым айында үш нысанды да аралап қайтқан.

Мән-жайы

Күні кеше Үкімет Президент Жолдауын іске асыру жоспарын бекітті. Онда Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайларын 2027 жылдың мамырында ашу көзделгені айтылған еді. Енді премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев нақтырақ емес, 2027 жылдың бірінші жартыжылдығы деген мерзімді атады.

Қазан басында Кендірлідегі әуежайдың дайындығы 54 пайызды, Зайсанда 95,3 пайызды, Қатонқарағайда 79 пайызды құрайтынын хабарлаған едік. Ол кезде үш нысанның да құрылысын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланғаны айтылды.