Алдағы 6 жылда Қазақстан автожолдарға 15 млрд доллар инвестиция тартпақшы – Марат Қарабаев

0
580

Айтуынша, аталмыш дәлізбен жүк тасымалдау құны алдағы 5 жылда өзгермейді.


Алдағы 6 жылда Қазақстан автожолдарға 15 млрд доллар инвестиция тартпақшы – Марат Қарабаев

ERNUR.KZ. Көлік министрі Марат Қарабаев «New Silk Way» халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумының ашылуында 2030 жылға дейін саланы дамыту бағытында іске асатын сүйекті жобаларға тоқталды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Транскаспий халықаралық көлік маршрутының өткізу қабілетін 5 есе арттыратындай әлеует бар екенін айрықша атағым келеді. Бұл дәліз арқылы Қытай Халық Республикасынан Еуропаға дейін жүк 18 күн жүріп барады. Бұл – ҚХР мен Еуропа арасындағы ең қысқа жол», - деген министр осы жолдың бойындағы өзге елдермен бірлесе атқарып жатқан шаруаларға тоқталды.

Айтуынша, аталмыш дәлізбен жүк тасымалдау құны алдағы 5 жылда өзгермейді.

«Әзербайжан, Грузия, Қазақстан елдерінің теміржол әкімшіліктері бірлескен кәсіпорын құрды. Ол кәсіпорын осы маршруттың өн бойында тасымал операторының қызметін атқарады. Алдағы бес жылға тасымал құнын бекітіп қойдық. Бұл жүк тасымалдаушыларды қызықтыратын фактор. Яғни, тасымал құны 5 жыл бойы өзгермейді», - дейді Марат Қарабаев.

Оның сөзінше, Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы жүк айналымынан мейлінше көбірек табыс көру үшін автожол инфрақұрылымына да біраз инвестиция тартпақшы.

«Транскаспий дәлізінен бөлек әуе жолындағы байланыстардан үлкен әлеует көріп отырмыз. Қазақстанның әуе тасымалын пайдалану көрсеткіші 90 пайызға артты. Бұл тұрғыдан алғанда, біздің министрлік алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – біздің әуежайлар базасында CargoHub-тар (халықаралық көлік-экспедиторлық холдинг) құру.
Автожол саласына жеке тоқталғым келеді. Біз алдағы 6 жылдың ішінде жаңа 5 мың шақырым жол салып, реконструкциялағымыз келеді. Инвестицияның жиынтық қуаты 15 млрд доллар болмақ. Мұның бәрі Қазақстан ҚХР мен Ресей Федерациясы арасындағы, ҚХР мен Еуропа арасындағы толыққанды транзит хабына айналу үшін жасалып отыр», - деді Марат Қарабаев.