Әлемнің үздік әуекомпанияларының бірі Қазақстанға рейс ашуды көздеп отыр

0
766

Компанияның Қазақстанға рейстері 2024 жылы басталуы мүмкін.


Әлемнің үздік әуекомпанияларының бірі Қазақстанға рейс ашуды көздеп отыр

ERNUR.KZ. Emirates әуекомпаниясы Қазақстанға рейстер ашу мәселесін қарастырып жатыр, деп жазады tengritravel.kz.

Компанияның Қазақстанға рейстері 2024 жылы басталуы мүмкін.

"ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Иран және Орталық Азия бойынша өңірлік менеджер Мұхаммед Сәлім Әлхаммади мырза бастаған Emirates әуе компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында өкілдер әуе компания Қазақстанға рейстерді 2024 жылы ашуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Рейстерді ашу мерзімі "Боинг-787" және "Эйрбас-А350" әуе кемелерін жеткізумен байланысты", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының және Біріккен Араб Әмірліктерінің авиациялық билік орындары арасындағы уағдаластықтарға сәйкес елдер арасында "ашық аспан" режимі қолданылады, оған сәйкес елдер арасында әуе компаниялар, бағыттар, рейстерді орындау жиілігі және әуе кемелерінің сыйымдылығы бөлігінде рейстерді орындауға шектеулер жоқ.

"Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Emirates әуе компаниясының Қазақстан Республикасына рейстерін ашу мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруға келісті", - дейді ААК өкілдері.

Emirates әлемдегі ең ірі әуе компаниялардың бірі. Оның паркінде 226 әуекеме бар. Бағыттық желі 139 пункттен тұрады. Былтыр әуекомпания 43 миллионнан аса жолаушы тасымалдады.