Әлеуметтік портал 885 мыңнан аса қызмет көрсетіпті.
Дүниежүзіндегі қай мемлекетті алып қарамаңыз, әрбір елде әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс адамдар өмір сүреді. Тиісінше, мемлекет тарапынан жасалатын қолдаулар заң аясында белгіленіп қояды. Мұндай жүйе біздің Тәуелсіз Қазақстанда да қалыптасқан және жыл сайын жетілдіріліп келеді. Биыл да әлеуметтік қолдау көрсету саласына ел игілігі үшін көптеген толықтыру енгізіліп, бір жолға қойылды. Сонымен, 2024 жылы тұрғындарға қандай қолдаулар көрсетілді және жүйеде нендей жаңалықтар орын алды?
ЗИЯНДЫ ЖҰМЫСТЫҢ ЗАРДАБЫ ҮШІН
Биылғы жылдың алғашқы күнінен бастап ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай зияны көп жерде еңбек ететін азаматтар үшін арнайы әлеуметтік көмек іске қосылды. Бұл қолдауға ие болу үшін жұмысшы мынадай шарттарға сай келуі қажет: жасы 55 жастан кем болмауы керек және Бірыңғай жинаутаушы зейнетақы қорына 7 жылдық кәсіптік аударым жасалуы тиіс. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бұл қолдауға жиырмаға жуық салада жұмыс істейтінде ие болады екен. Оның ішінде басым бөлігі тау-кен мен өңдеу өнеркәсібі саласынан болмақ. Аталған қосымша төлем зейнетке шыққанша беріледі. Бұл көмекке ие болған азаматтардың жеңіл жұмысқа ауысып, жалақы мен төлем алуына мүмкіндік болады. Немесе демалыс алып, зейнеткерлікке шыққанша арнаулы көмектерді алып отыра алады.
БЖЗҚ-ның сараптамасына сүйенсек, биыл аталған қолдауға 37 мыңнан аса, 2030 жылы алпыс мыңға тарта, ал 2035 жылы жүз мыңға жуық жұмысшы үміткер бола алатын көрінеді. Биыл бұл әлеуметтік көмектің орташа көлемі 208 000 теңге болып отыр. Бірақ, әр адамға берілетін төлем оны зейнетақы қорындағы жинағына байланысты болады екен. Сарапшылар 2030 жылы аталған көмектің орташа көлемі 339 000 және 2035 жылы 519 000 теңгені құрайды деп болжаған.
МҮГЕДЕКТІГІ БАРЛАРҒА – 650 МЫҢНАН АСА ҚЫЗМЕТ
Биылғы жылдың басындағы ресми дерекке сүйенсек, қазақстандықтар қолданатын әлеуметтік портал өткен жылы мүгедектігі бар азаматтарға 650 мыңнан аса қызмет көрсеткен. Оның ішінде оңалтуға арналған құралдарды алу, ымдау, емделу сынды қызметтерге сұраныс көп болған. Аталған порталдың қызметіне жүгінген азаматтар қажетті құралдарды өндіретін компания мен жеткізіп беру қызметін атқаратындарды өздері таңдайды екен. Барлық қызмет әр азаматтың жеке цифрлық қолтаңбасы арқылы іске асырылады. Осы ретте аталған онлайн платформаға 900-ге тарта қызмет көрсетуші орталық, 550-ге жуық жеткізуші, 30 мыңға жуық жәрдемші, 700-ден аса ымдау қызметі мен 100-ден астам емдеу-сауықтыру орталықтары тіркелген. Айта кетсек, бұл мүмкіндіктер мүгедектігі бар жандарға қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету мақсатында қабылданған ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асырылып келеді.
262 МЫҢНАН АСА АДАМҒА – АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК
Елімізде кедейлік шегінде өмір сүретін, көпбалалы және өзге де санаттарға жататын отбасыларға жыл сайын атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Биыл да бұл жұмыс жүйелі атқарылып, ақпан айында 50 мыңға жуық отбасының 262 мыңнан астам мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек берілетін болып бекітілді. Жалпы, 2024 жылға атаулы әлеуметтік көмек үшін мемлекет қазынасынан 76 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Осы ретте атаулы әлеуметтік көмек тапқан табысы белгіленген көнкөріс көрсеткішінің жетпіс пайызынан аспайтын адамдарға тоқсан сайын беріліп тұратынын айта кету керек. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдарды жұмыспен қамту, кәсіп ашамын деушілерге мемлекеттік грант тағайындау, білім-білігін дамыту үшін арнайы курстарға қатыстыру сынды жұмыстар жүргізіліп келе жатыр.
ӨНІМ БЕРУШІЛЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР КҮШЕЙТІЛЕДІ
Биыл Министрлік әлеуметтік санаттарға жататын адамдардың құқығын қорғау мақсатында мүгедектігі бар адамдарға қажетті құралдарды өндіретін тарапқа қойылатын талаптар күшейтілетінін мәлім етті. Бұл өзгеріс ең алдымен тапсырысты белгіленген мерзімде жеткізу қызметінің сапасын жақсартуға ықпал етері сөзсіз. Сонымен қатар, емдеу-сауықтыру орталықтарының қызметін жандандыруға да көңіл бөлінген.
Сондай-ақ, биылғы жылдың 15 сәуірінен бастап арнайы санаттағы азаматтарға көрсетілетін қолдауды күшейту мақсатында еліміздің үш мегаполисі – Астана, Алматы, Шымкент қалаларындаоңалтуға қажетті қрал-жабдықты жылдам жеткізуге арналған пилоттық жоба пайда болды. Қазіргі уақытта мұндай құралдарды бір тәулік ішінде жеткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
БАЛАСЫ БАР ЖАНҰЯЛАРҒА ҚАНДАЙ ҚОЛДАУЛАР КӨРСЕТІЛЕДІ?
Бүгінде елімізде баласы бар жанұяларға мемлекет тарапынан бес түрлі жәрдемақы, әлеуметтік сақтандыру қоры тарапынан екі түрлі жәрдемақы төленіп, күнкөріс деңгейі төмендерге АӘК беріліп жатыр. Одан бөлек, денсаулығында кінәраты бар, ата-анасы жоқ азаматтарға да түрлі көмек көрсетіледі. Мәселен, 2024 жылы еліміздегі 4 млн 400 мың азаматқа көмек көрсету мақсатында 2,3 триллион теңге қарастырылған екен. Сонымен қатар, еңбек етіп жүрген әйелдер босануына байланысты демалысқа шыққан кезде де табысына қарай көмек көрсетіледі. Биыл аталған біржолғы жәрдемақының көлемі де ұлғайды. Атап айтқанда, өмірге келген үшінші балаға дейін 140 000 теңге, ал одан кейінгілеріне 232 000 теңге жәрдемақы беріледі. Сонымен қатар, кәмелеттік жасқа жетпеген 4 және одан көп, сондай-ақ 23 жасқа толмаған студент баламен тұратын жанұяларға да ай сайын жәрдемақы береліп келеді. Ол жәрдемақының ең азы 59 мың теңгеден асатын болса, ең көбі 120 мыңға жуықтайды. Одан бөлек, елімізде 240 мыңға жуық батыр ата жәрдемақы алып отырады. Ал, мүгедектік санаттарға жататындарға әр жылда 400 000-ға тарта тауар мен қызмет көрсетіліп жатыр екен. Биыл түрлі қорлардың қолдауымен еліміздегі ақыл-ойы мен денсаулығында ауытқуы бар балалар үшін онға жуық орталық құру да жоспарланған болатын.
ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫНА ҚОЛДАУ ЖАСАЛА МА?
Қазақ жерінде саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың өшпес таңбасы қалған. Себебі, сол бір қилы кезеңде қаншама қандасымыз мерт болып, енді бірі азап көріп кетті. Сол себепті 2003 жылдан бері елімізде құрбандар үшін бір реттік өтемақы мен арнайы жәрдемақы беріліп келеді. Осы уақытқа дейін жалпы 20 миллиард теңгеге жуық қаржы берілсе, биыл бұл бағытқа 2,7 миллиард теңге қарастырылған екен. Қазіргі таңда аталған санатқа жататын 27 мыңға жуық қазақстанщық мемлекеттік қолдауларға ие болып келеді.
Сонымен қатар, бұл санаттағы азаматтар қиындық көрген уақыты үш еселеіп, зейнетақы алу өтілі болып саналады. Одан бөлек жұмыс барысында өздеріне қолайлы кезде ддемалысқа шыға алады және қосымша демалыстарға да құқығы бар. Мүгедектігі бар азаматтар оңалту бағыты бойынша жеңілдіктерге ие бола алады. Жергілікті атқарушы органдар да құрбандарға қосымша қолдау көрсетуге құқылы.
ҚАРТТАРДЫ ҚОЛДАУ ТУРАЛЫ
Қазіргі таңда Қазақстандағы қарттардың саны 2,4 миллионнан асады екен. Сәйкесінше әрбір қарт азаматқа қолдау жасау – ел Үкіметінің бір міндеті болып саналады. Осы ретте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай, биыл зейнетақы 5 пайызға көбейді. Сонымен қатар, ел аумағында қарттардың уақытын тиімді өткізуге арналған орталықтар ашылып, егде жастағы адамдар өздері қалаған істермен айналысуға мүмкіндік алып отыр. Одан бөлек, жыл сайын «Қарттар күні» мерекесіне орай қарттарға құрмет көрсетіледі. Мәселен биыл 235 мыңнан астам адамға бір реттік көмек көрсетілген. Бұл үшін бюджеттен 2,7 миллиард теңге бөлінген. Сонымен қатар, елімізде қарттар үшін азық-түлік, дәрі-дермек, тіс емі, емдеу-сауықтыру қызметі, баспананы жөндеу, отын алу, қоғамдық көліктермен қатынау және басқа да процесттерді көмек көрсетіліп, жеңілдіктер ұсынылады.
12 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМ АЛДЫ
Сөз басында биылдан бастап зияны көп жерде жұмыс істегендерге арнаулы әлеуметтік төлем жасалатынын айтқанбыз. Ос ретте биылғы жылдың он айында 12 мыңға жуық адамға төлем берілді. Олардың басым бөлігі Қарағанды облысының тұрғындары болса, еінші және үшінші сатыға Қостанай мен Солтүстік Қазақстан өңірлері тұрақтаған екен.
390 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМҒА АӘК БЕРІЛДІ
Ал, атаулы әлеуметтік көмекке қазан айына дейін 389 мыңнан аса азамат ие болған. Биыл көрсетілген көмектің жалпы құны – 55,9 миллиард теңгені құрап отыр. Бүгінгі таңда Отандастарымыз атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өзі өмір сүретін жердегі мансап орталығына немесе ауыл әкімдігіне баруы қажет. Сондай-ақ, Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті egov.kz порталы арқылы да өтініш қалдыра алады.
885 МЫҢНАН АСА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН
Биылғы жылдың басынан бері әлеуметтік қызметтер көрсететін портал денсаулығында кінәраты бар азаматтарға 885 мыңнан аса қызмет көрсетіпті. Аталған онлайн платформаның қызметін пайдалану немесе кеңес алу үшін еліміздегі бірыңғай байланыс кешені – 1414 сымтетігіне қоңырау шалуға болады.
Б.Мейірханұлы,
ERNUR.KZ