Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мониторингтік тобы 2019-2020 жылдары жүргізілген тексерістердің нәтижесін жариялады.
ERNUR.KZ. 2019 жылы жабық типті балалар мекемелерінің 50%-ға жуығы жарамсыз және тиісті талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. 2020 жылы бұл көрсеткіш бар болғаны 20 пайызға қысқарып, нәтижесінде мекемелердің шамамен 30%-ы әлі де көңіл көншітпейді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
ҰАТ (Ұлттық алдын алу тетігі) Үйлестіру кеңесінің мүшесі Лаура Акатаева атап өткендей, мониторинтік топ арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы балалардың психоәлеуметтік, білім беру және педагогикалық қызметтермен толық қамтылмауын, балалардың таза ауыз суға еркін қол жеткізе алмауын, балаларды тасымалдау үшін арбалар мен каталкалардың болмауын анықтаған.
Сондай-ақ, мамандар медициналық қызмет көрсетуге қатысты да бірқатар олқылықты анықтаған. Медициналық карталарды дұрыс жүргізбеу, анафилактикалық шок кезінде шұғыл көмек көрсету үшін шокқа қарсы төсемнің жинақталмауы, дәрілік заттарды сақтау мерзімінің асып кетуі, қажетті дәрілік заттардың болмауы сияқты бұзушылықтар анықтады.
Адами ресурстарға қатысты мәселелерде де кемшіліктер жетерлік екен. Мәселен, 2019 жылы «Аяла» Талғар АӘҚКО-да паллиативтік-дағдарыстық топтағы балалар (84 баланың 41-і, яғни жалпы санының 50%-ы) психолог, дефектолог, дене шынықтыру терапиясы, логопед қызметтерімен қамтылмаған. Сонымен қатар, аталған орталықта балаларға психотроптық препараттарды шамадан тыс тағайындау тәжірибесі де ерекше алаңдаушылық туғызды. Мәселен, 1 айдың ішінде бір бала 25 мг дозада 186 аминазин таблеткасын қабылдаған, ал өзгесіне - 118 аминазин және карбамазепам таблеткаларын, депакин хрононың ½ таблеткасын бергені анықталған.
Ал 2020 жылғы мониторинг нәтижелеріне келетін болсақ, Лаура Ақатаеваның айтуынша, қазіргі мәселелер 2019 жылдың көрінісіне ұқсас. Проблемалардың басым бөлігі медициналық көмек көрсету және адамның қадір-қасиетін сақтау мәселелеріне қатысты. Бұдан бөлек, мекемелердегі жатын орындарына қатысты ескертулер саны артқан. Нақтырақ айтқанда, ұйықтау бөлмесіндегі кереуеттердің қолайсыз орналасуы, жұмсақ матрастар мен жастықтардың, серуендеу арбаларының қанағаттанарлықсыз жағдайы алаңдатушылық тудырады.
Кейбір мекемелерге арнайы барып, балалармен әңгімелесу нәтижесінде қызметкерлердің балаларға көрсеткен дене және психологиялық зорлық-зомбылық фактілері анықталды.
«Құқық бұзушылар тобында тәрбиешілер, әдіскерлер, дәрігерлер, тіпті директорлар да бар. Кей жағдайларда дәрігерлер баланы емдеуден бас тартқан. Түнгі кезекшілер, егер балалар түнгі уақытта оларға жүгінсе, көмек көрсетілмеген. Сонымен қатар, әңгімелесу барысында балалар қызметкерлер түнгі уақытта ішімдік ішетініне шағымданды. Сапар барысында ҰАТ қатысушылары шкафтардың бірінде бос спирт бөтелкелерін тапты. Палаталардың санитариясы мен гигиенасының деңгейі өте нашар. Көптеген қызметкер өзінің функционалды жұмысына немқұрайлы қарайды», - деп атап өтті Лаура Ақатаева.
Жалпы ҰАТ қатысушыларының мониторингтік тексерістері БҰҰ Даму Бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылады. Өткен жылы елімізде КВИ-дің таралу көрсеткіші қатты өршігендіктен, 2019 жылдың қорытындысы тек биыл жарияланды.