Алматы әуежайында кепілге алу оқиғасы: іс қосымша тергеуден кейін сотқа жолданды

0
142

30 маусымда Баратовқа қатысты қылмыстық іс Алматының Түрксіб аудандық сотына жіберілген.


Алматы әуежайында кепілге алу оқиғасы: іс қосымша тергеуден кейін сотқа жолданды

фото: видео кадры

ERNUR.KZ. 2025 жылғы 7 наурызда Алматы әуежайының қызметкерін кепілге алған Машрапбек Баратовтың ісі қосымша тергеу аяқталғаннан кейін қайта сотқа жолданды, деп жазады tengrinews.kz.

Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі мәліметінше, 30 маусымда Баратовқа қатысты қылмыстық іс Алматының Түрксіб аудандық сотына жіберілген.

"Аталған тұлға Алматы халықаралық әуежайында кепілге алу, бұзақылық жасау, сондай-ақ терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар беру деректері бойынша айыпталып отыр", – деді ведомство өкілдері.

Сот процесінің қашан басталатыны әзірге хабарланған жоқ.

Еске салайық, 7 наурызда Алматы әуежайында қолында суық қаруы бар ер адам қызметкерді кепілге алды. Желіде әуежайда түсірілген видео тарады. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адам қыздың шашынан ұстап алғанын байқауға болады. Оқиға ішкі терминалда болған.

Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Қызметкерлер одан құжатын сұраған кезде ол қызметкерді пышақпен қорқытқан. 7 минуттан кейін шабуылдаушы ұсталды. Ол қамауға алынды.