Түрксіб аудандық соты Машрапбек Баратовты 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
фото: видеодан скрин
ERNUR.KZ. Алматыда сот наурыздың басында әуежай қызметкерін кепілге алған Машрапбек Баратовқа қатысты үкім шығарды, деп жазады tengrinews.kz.
Түрксіб аудандық соты Машрапбек Баратовты 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Сонымен қатар, үкімге 2023 жылғы іс бойынша тағайындалған, бірақ өтелмеген жазаның мерзімі қосылған. Ол іс бойынша сотталған адамға бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Нәтижесінде түпкілікті жаза 11 жылға бас бостандығынан айыру болып белгіленді.
Баратов жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейді. Сотта айыпталушының кінәсін мойындауы жеңілдететін жағдай ретінде есепке алынды.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Баратовтың қамауда отырған мерзімін 7 наурыздан бастап есептеуді сұраған.
Еске салайық, зейнеткер Баратовқа қатысты сот 2025 жылғы 7 сәуірде басталған болатын. Сол отырыста көлік әскери прокуратурасының прокуроры істегі айғақтарды айыпталушы теріске шығармағанын айтып, сот отырысын қысқартылған тәртіппен өткізуді сұраған еді.
Сот залында әуежай қызметкері мен айыпталушы сөз сөйлеп, айыпталушы контузия алғанын, сондай-ақ адамды кепілге алуға не итермелегенін айтып берген. Процесс барысында айыпталушы бұған дейін айыптаулармен келіскен болатын. Бірақ кенеттен қандай да бір талап қойғаны туралы айыпқа келіспейтінін айтып, іс қосымша тергеуге қайтарылған еді.