Сым темір көз алмасына кіріп кеткен.
ERNUR.KZ. Алматыда дәрігерлер ер адамның көзінен 3 см сым темір алып шықты, деп жазады ҚазАқпарат.
Қалалық клиникалық орталық аурухананың баспасөз қызметінен хабарлағандай, ер адам жұмысында жарақат алған.
Сым темір көз алмасына кіріп кеткен. Офтальмохирург, медицина ғылымдарының магистрі Медет Алтынбек шұғыл түрде ота жасады. 1 сағатқа созылған отадан соң 3 см спираль алынды.
Ота нәтижесінде көзінің алдыңғы камерасы мен нұрлы қабығы қалпына келтірілді. Кесілген жара орны тігіліп, көздің көру қабілеті қалпына келді.
«Осындай жағдайда дер кезінде көмек көрсетілмесе, көзге кең көлемде қан жайылуы мүмкін. Адам көру қабілетінен айырылады. Ота сәтті өтті. Пациент бөлімшеге ауыстырылды»,- деді дәрігер.
Айта кетейік, қалалық Орталық клиникалық аурухананың офтальмологиялық бөлімшесінде жыл басынан бері 130 жоғары технологиялық ота жасалды.