Алматы маңында әлсіреп өлген қар барысы полиэтилен пакетін жұтып қойған

0
746

2022 жылдың 8 желтоқсан күні Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағынан әлсіреген қар барысы табылды.


Алматы маңында әлсіреп өлген қар барысы полиэтилен пакетін жұтып қойған

ERNUR.KZ. Жануардың жағдайы мүшкіл, қатты азып, арықтаған. Өзіне жақындап келе жатқан техниканың дауысына да мән бермеген. Жануарды кездестірген парк қызметкерлері дабыл қағып, дереу мамандарға хабар берген, деп жазады inbusiness.kz.

Қар барысы кездескен аумаққа Іле-Алатау ұлттық паркінің мамандары, Зоология институтының қызметкерлері мен Алматы хайуанаттар бағының ветеринарлары арнайы барған.

"Іздестіру сәтті аяқталып, барыс сағат 23:50-де табылды. Жануардың жағдайы өте ауыр екені анықталды. Сол жерде көмек көрсету мүмкін болмағандықтан, дәл диагноз қою үшін жануардың денесінен зерттеуге қажетті жағындылар (ПТР сынағы үшін) және қан сынамалары алынды. Мамандар әлсіреген жануарды Алматы зообағына жеткізу туралы шешім қабылдады.

Өкінішке қарай, жануардың жағдайы аса ауыр жағдайда болғандықтан, хайуанаттар бағына жеткізінгеннен кейін, барыс өлді", делінген хабарламада.

Іле Алатау ұлттық паркі, Зоология институты және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі әріптестермен бірге барсқа патологиялық-анатомиялық сараптама жасалған. Нәтижесінде жануардың асқазанынан мамандар, гельмиттер мен қатар, полиэтилен пакеті табылғанын жариялады.

"Осы оқиғадан сабақ ала отырып, басқа жануарлардың өмірін сақтап қалуға болады. Қоршаған ортаға, табиғатқа қамқорлық жасау өте маңызды. Табиғат аясына шыққанда адамдар айналаны ластап, қоқыс тастамауы керек. Әсіресе түрлі тағамдардың иісі сіңген полиэтилен пакеттер жануарлар үшін өте қауіпті. Жануарларға қамқор болып, оларды құтқару – баршамыздың міндетіміз бен жауапкершілігіміз. Біз бірге ғана табиғатты сақтай аламыз!" делінген хабарламада.