Оқиға Алматы облысының Талғар ауданында, Бесқайнар ауылының маңында, Букреев шыңы аумағында болған.
Бейнеден кадрлар
ERNUR.KZ. Алматы облысы тауларында жоғалып кеткен екі қыз құтқарылды, деп жазады tengrinews.kz.
Оқиға Алматы облысының Талғар ауданында, Бесқайнар ауылының маңында, Букреев шыңы аумағында болған. 2009 жылы туған екі турист жеті адамнан тұратын топ құрамында болған, алайда "Пионер" тау кешеніне қарай түсу кезінде олар қалып қойып, байланысты жоғалтқан.
Жоғалғандар туралы белгі түскеннен кейін ҚР ТЖМ "Барыс" республикалық қызметінің құтқарушылары Алматы ТЖД бөлімшесімен бірлесіп, жедел түрде іздестіруге кірісті. Жұмыстар түнде күрделі жағдайда жүргізілді: тауда жаңбыр жауып, бұл қозғалыс пен аумақты тексеруді айтарлықтай қиындатқан.
Операция барысында мамандар Бутаков шатқалы мен Букреев шыңы маңындағы бағыттарды сүзіп шықты. Қыздар қатты тоңған және әбден қажыған күйде табылды - суық пен шаршау салдарынан олар өздігінен қозғала алмаған.
Оқиға орнында оларға қажетті көмек көрсетіліп, одан кейін құтқарушылар зардап шеккендерді бағыттың күрделі учаскелерінен кезекпен арқалап өтіп, эвакуациялады.
Бақытқа орай, ауруханаға жатқызу қажет болмады. Таудан түскеннен кейін қыздар туыстарына тапсырылды.


