Қайта жанданған мекеме қазір түрік айранын, құрғақ сүт және ірімшік шұжығын шығаруда.
ERNUR.KZ. Алматы облысының Көксу ауданына қарасты Лабасы ауылдық округінде сүт зауыты қайта іске қосылды. 20 жыл бойы тоқтап тұрған мекеме ақырындап толық қуатына көшуді жоспарлап отыр, деп жазады ҚазАқпарат.
Сүт зауыт 1967 жылы бой көтерген. Кәсіпорын тоқырау жылдары жұмысын тоқтатқан болатын. Қайта жанданған мекеме қазір түрік айранын, құрғақ сүт және ірімшік шұжығын шығаруда.
«Зауыт толық қуатына көшкеннен кейін сүт өнімдерінің барлық түрін шығару жоспарланып отыр. Зауыттың қыста іске қосылуының өзінде үлкен мән жатыр. Себебі, көктем шығып, жаз келгенге дейін өндіріс әбден бір жолға қойылады. Әрі жас мамандар да тәжірибе жинақтап, ауқымды көлемде жұмыс істеуге шыңдалады. Дегенмен де, зауытқа инженер-технологтар, зертханашылар әлі де жетіспеуде», - деді зауыт басшысы Бақыт Арқабаев.
Қазір бұл жерде 20 адам еңбек етеді. Алдағы уақытта жұмысшылар қатары ұлғая бермек. Зауытқа жақын маңдағы Кербұлақ, Ескелді, Қаратал аудандарының тұрғындары сүт өнімдерін өткізуде. Тәулігіне 40 тонна сүт қабылдап алуға қауқары бар өндіріс ошағына мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 100 млн теңге қаржылай қолдау көрсетілген. Қазір қайта жаңғырған кәсіпорын күніне 17-18 мың стақан түрік айранын шығарып, тәулігіне 60 келіден аса ірімшік шұжығын өндіруде.