Қыздың ата-анасы жүргізушіге ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдесе де, полиция қылмыстық өндіріс қозғады.
ERNUR.KZ. Сарыөзек ауылында төрт жасар қыз Mercedes-Benz көлігінің астына түсті. Жарақат алған бала шұғыл түрде облыс орталығына жеткізілді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Ауруханада жатқан бүлдіршіннің суреті бастапқыда әлеуметтік желіде жарияланды, кейін жазбаны өшіріп тастады.
Жол апаты фактісін Алматы облысының полиция департаменті растады. Баланы 3 маусым кешке Mercedes-Benz көлігімен қағып кеткен. Иномарканың рөлінде 42 жастағы әйел отырған. Тәртіп сақшылары ата-аналардың біреуі түсініктеме жазып, жүргізушіге шағымы жоқ екеніне сендіргенін айтты.
"Бала түрлі жарақатпен Талдықорған көпбейінді ауруханасына жеткізілді. Жол апатын Кербұлақ аудандық полициясы тергеп жатыр. Зардап шеккен қыз ауруханадан шығарылғаннан кейін қажетті сараптамалар жүргізіледі", - деді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.
Анықталғандай, іс Қылмыстық кодекстің 345-бабы 1-тармағы "Автомобильдi басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адам денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан әрекет" бойынша тергеліп жатыр.
Жүргізушіге айыппұл салынуы мүмкін, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тартылады, не 40 тәулікке дейін қамауға алынады. Сонымен қатар екі жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылуы мүмкін.