Алматы облысында медресе оқушылары қытай кеспесінен уланып қалған

0
530

Балалар тәрбиеші "қытай кеспесін" бергенін айтқан.


Алматы облысында медресе оқушылары қытай кеспесінен уланып қалған

иллюстрациялық фото

Алматы облысында төрт оқушы астан уланып, ауруханаға түсті. Олар - Ұзынағаштағы "Саурық" қайырымдылық мекемесінде тұратын аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар. 14 жастағы жасөспірімдер дәрігерлерге тәрбиеші тез дайындалатын кеспені бергенін айтқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Төрт бала Жамбыл ауданы ауруханасына кеше 08:00 шамасында жеткізілген. Бәрі бірдей астан уланған. Олар тәрбиеші "қытай кеспесін" бергенін айтқан.

"Балалар "кешкі аста өздері берді" деп айтты. Олар басы ауырып, іші өтіп, әлсіз болып, құсқанына шағымданды. Балаларға жедел көмек көрсетіліп, жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Емдеу дәрігері хабарласқанда, балаларды ешкім іздеп келген жоқ. Жетекшісі, ата-аналары келген жоқ деді", - деді Жамбыл ауданы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Күлзада Арынова.

Ал мекеме басшысы кеспені балалар "өзі әкелгенін" айтқан. Қазір бұл жағдайға қатысты тексеру басталған.

"Олар өзі не әкеліп жеген екен, хабарымыз да болған жоқ, сосын таңертең ауырып тұрмыз дегеннен кейін жедел жәрдем шақырып жіберген едік. Ата-аналарының хабары бар, біз мына жерде сенімхатпен алғаннан кейін, бүкіл дәрі-дәрмегі, қаражат жағынан болсын, бәрін апарып, өзіміз көмектесіп жатырмыз", - дейді "Саурық" қайырымдылық мекемесінің директоры Құсайын Қасымбеков.

Оқушылардың жатын бөлмесінің қабырғасы көгерген, бөлме салқын. Жергілікті тұрғындардың бірі бұл қайырымдылық мекемесінде ұлдарға теріс бағытта діни уағыз айтылады деп отыр.

Аудан әкімдіні орталықтың ресми тіркелгенін, дегенмен кейінгі жағдайға байланысты қосымша тексеріс жүргізілетінін мәлімдеген.

"Өзіміздің тарапымыздан, діни басқармадан, теолог тарапынан және қосымша тексереміз. Санитарлық-эпидемиологиялық департамент тарапынан бақылауға алып, осы жұмыстардың алдын алу, болашақта болмауы үшін, осы мәселені бәрін бақылауға аламыз", - дейді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы.

Уланған төрт бала жұқпалы аурулар бөлімшесінде жатыр. Үш күнде шығуы мүмкін. Ал тексеру қорытындысы бойынша "Саурық" мекемесінде уланғаны расталса, басшылығы заң жүзінде жауапқа тартылады.