Соққының қатты болғаны соншалық, әйел де, мопед жүргізушісі мен жолаушысы да жан-жаққа ұшып кеткен.
Фото: almaty_typical
ERNUR.KZ. Алматы облысының Боралдай кентінде мопед жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелімен өтіп бара жатқан кейуананы жоғары жылдамдықпен қағып, кейін оқиға орнынан ізін суытқан. Бұл сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп жазады ulysmedia.kz.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға 20 шілде күні сағат 16:03 шамасында Абылай хан көшесінде болған. Видеода ашық түсті бас киім киген зейнеткердің жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқанда екі адам мінген мопед оны жоғары жылдамдықпен қағып кетеді.
Соққының қатты болғаны соншалық, әйел де, мопед жүргізушісі мен жолаушысы да жан-жаққа ұшып кеткен. Зейнеткер бірнеше метр жерге ұшып түсіп, асфальтқа құлаған.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мопед жүргізушісі зардап шеккен әйелге көмек көрсетпестен, оқиға орнын тастап кеткен. Куәгерлер оның кім екенін анықтап, жауапкершілікке тартуды талап етті.
Алматы облысы полиция департаменті мопед жүргізушісінің кім екені анықталғанын хабарлады.
– Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалған және жаяу жүргіншіні қағып кеткен мопед жүргізушісі анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жол апаты салдарынан жаяу жүргінші мен мопед жолаушысы түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жүргізушінің жеке басы дереу анықталды, – деп мәлімдеді полиция.
Жүргізушіге қатысты Жол қозғалысы ережелерін бұзу және жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу фактілері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.


