80 жылдан аса жатса да, шірімеген сүйектердің арасында бес әйел адамның болғаны анықталды
ERNUR.KZ. Алматы облысында екі шаршы метр жерден табылған қаңқалар 168 адамның сүйегі болып шықты. 4 ай жүргізілген сот-медициналық сараптама нәтижелері олардың бәрінің басынан оқ тигенін анықтады, деп жазады almaty.tv.
Былтыр үй салып жатқан Жаңалық ауылы тұрғынының ауласынан репрессия кезінде атылған арыстарымыздың сүйегі табылған болатын. Бұл аумақта сталиндік саясаттың құрбаны болған боздақтар саны әлі де көп болуы мүмкін. Сондықтан тарихшылар аулада қазба жұмыстарын жалғастыру қажет деп отыр.
Мамандар осы төңіректен табылған сүйектерді тапжылмай отырып, 4 ай зерттеген. Сот-медициналық сарапшылары шашылып кеткен сүйектерге баллистикалық зерттеу жүргізіп, олардың қандай қарудан, қандай қашықтықтан атылғанын және сүйектердің нәсілі, жасы мен жынысында дейін жіктеп шыққан.
«Қару адамдардың ту сыртынан атылған. Яғни, оқ қарақұстан, желкеден тиген. Кейбіреуінің бас сүйегінде екі-үш оқтың ізі бар. Олардың жынысын түгелдей анықтау мүмкін болмаса да, араларында бес әйел адамның болғаны анықталды», – дейді Алматы қаласы бойынша сот сараптамасы институты қылмыстық медицина бөлімінің сот-медициналық сарапшысы Анастасия СТОЯН.
80 жылдан аса жер астында жатса да, қаңқалар, әсіресе бас сүйектер шірімеген. Жілік, жамбас сүйектері атылған азаматтардың ірі әрі дені сап-сау болғаны белгілі болды дейді зерттеушілер. Тіптен көбінің тістері түгел тізіліп, жарқырап тұр. Сүйектермен қатар әлгі жерден атылған азаматтардың түймелері, киімінің жұрнақтары, көзілдірік әйнегі сынды заттар мен оқтар табылған.
«Сәкен, Ілияс, Бейімбет үшеуі бір күнде атылған. Ешқайсысының моласы жоқ. Репрессияға ұшыраған зиялыларымыздың бірен-сараны болмаса, көбі елуге жетпей кетті ғой. Әрине олар тепсе темір үзетін жігіттер еді», – дейді Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің меңгерушісі Ғарифолла ӘНЕС.
Сүйектер сталиндік саясаттың кесірінен атылып, жаппай жерленген Жаңалық ауылына қарасты аумақта табылды. Үйі мен моншасының арасына құбыр тартпақ болып, жерді қазған ауыл тұрғыны қаңқаларға кезіккен. Ал алаштанушылар Жаңалықтағы қорымда бес мыңдай адамның тізімі барын, бірақ ауладан шыққан сүйектер оған енбегенін айтады. Қақ маңдайы мен қарақұсынан оқ тигендердің ұлты дәл анықталмаса да, көбі моңғол тектес және европалық нәсілге жататыны және жас мөлшері 25 тен жоғары екендіктері белгілі болды.
Қызылдардың қырғынына ұшыраған жандардың бәрі бір уақытта атылған. Сот медицина сарапшылары сүйектерді зерттеу барысында осыған көз жеткізген. Небары екі шаршы метр жерге сыйып кеткен қаншама боздақтардың денесі 31 мамыр – Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, Жаңалық ауылындағы бейітке аруланып жерленбек.