"Твардовский үйі" иттерге арналған панажай иесінің қаза болғаны туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желілерде пайда болды.
Владимир Тепляков / Видео кадры
ERNUR.KZ. Алматы облысында "Твардовский үйі" қаңғыбас жануарларға арналған панажай иесін өлтірді деген күдікті ұсталды, деп жазады tengrinews.kz.
Полиция не деді?
Алматы облыстық ПД мәліметінше, полицейлер күдіктіні ұстап, қамауға алды.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды, ол қазіргі уақытта қамауға алынды. Тергеу аясында ұсталған адамның жасалған кісі өлтіру қылмысына қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, сондай-ақ қылмыстық істі толық, жан-жақты және объективті зерттеу мақсатында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Полиция тергеу құпиялығына сілтеме жасап, күдіктінің кім екенін және ұстаудың басқа да мән-жайларын жарияламады.
Полиция тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін қоса айтты.
Иттерге арналған панажай иесінің өлімі туралы не белгілі?
"Твардовский үйі" иттерге арналған панажай иесінің қаза болғаны туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желілерде пайда болды. Оның таныстары көңіл айтып, кейінірек кісі өлтіру болуы мүмкін екендігі туралы хабарламалар тарай бастады. Кейбір жазбаларда ер адамның денесінен оқ жарақаттары табылғаны айтылды.
7 қазанда полиция кісі өлтіру фактісін растап, сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Ер адам қайтыс болғаннан кейін оның панажайында тұрған 90-ға жуық ит иесіз қалды. Әлеуметтік желідегі мәліметтерге қарағанда, жануарлар далада тиісті жағдайсыз және күтімсіз қалған. Еріктілер мен зооқорғаушылар оларға жаңа үй іздестіре бастады.


