Полиция тәртіп бұзушыны ұстап, баллистикалық сараптама тағайындады.
ERNUR.KZ. Алматы полициясы 28 панфиловшы атындағы саябақта әуеге оқ атқан 25 жастағы ер адамды ұстады, деп жазады sputniknews.kz.
Қалалық полиция департаменті хабарлағандай, ер адам тұрғындарға қауіп төндірген. Тәртіп бұзушы ұсталды. Оқиға сәрсенбі 7 тамызда болған.
"Тәркіленген қаруға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды, соның нәтижесінде қайдан шыққаны, кімдікі екені анықталады, сондай-ақ қандай да бір қылмысқа қатысы бары белгілі болады. Қазақстанның Қылмыстық кодексі 287-бабы 3-бөлімі "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" және 293-бабы 3-бөлімі "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Медеу ауданы полиция басқармасының батығы Болат Тотыбаев.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты бұлтартпау шарасы ретінде күдіктіні екі айға қамауға алуға шешім шығарды.
Күдікті қандай жазаға кесілуі мүмкін?
Атыс қаруын (тегiс ұңғылы аңшы қаруынан басқа), оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру үшін 5 мың АЕК (12 миллион 625 мың теңге) дейiн айыппұл салу немесе сондай көлемде түзету жұмысына тарту, не бес жылға дейiн бас бостандығын шектеу, не сонша мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал бұзалық үшін күдіктінің үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығы шектелуі, я болмаса сонша мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.