Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қалалық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс берді. Қала басшысы №231 сайлау учаскесінде таңдауын жасады.
Биылғы сайлау жаңа Конституция қабылданғаннан кейін елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси өзгерістер аясында өтуде. Өкілді билік органдарын жаңарту – саяси жаңғырудың маңызды құрамдас бөлігі.
Мемлекет басшысы атап өткендей, депутаттық корпустың алдағы жаңаруы жергілікті өкілді органдардың қызметін едәуір күшейтеді. Шымкентте сайлау науқаны қаланың барлық бес ауданында өтіп жатыр.
Дауыс беру үшін 365 сайлау учаскесі ашылды. Қалалық мәслихат депутаттығына бес саяси партиядан, сондай-ақ бірмандатты сайлау округтері бойынша кандидаттар тіркелген.
Сайлау учаскелері сағат 07:00-де ашылып, 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Тұрғындар өз сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын арнайы Telegram-бот (@sailau_shymkent_bot) және shm.saylaw.kz қосымшасы арқылы біле алады.
Жаңартылған мәслихат құрамы қаланың дамуына елеулі үлес қосады деп күтілуде. Оның жұмысы жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді қарауға, тұрғындардың мүддесін білдіруге және халықтың қажеттіліктеріне сай шешімдер қабылдауға бағытталады.


