Алматылық ана баласының шағымына бейжай қарамай, жедел жәрдеммен бірден дәрігерге барған.
Фото: Pixabay.com
ERNUR.KZ. Алматылық дизайнер Рока 4 жастағы ұлымен кафеге барып, паста алған. Бірақ баласы балықтың қылтығын жұтып қойып, ауруханадан бір-ақ шығыпты. Бұл оқиға туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасына жазды, деп жазады stan.kz.
Алматылық ана баласының шағымына бейжай қарамай, жедел жәрдеммен бірден дәрігерге барған
Бала ақсерке балығы қосылған фетучини пастасын таңдапты. Бірақ жей бастағанда бірден мамалап, "тамағымда бірдеңе тұр" деп шағымданған. Анасы алғашқыда су беріп, кететін шығар деп ойлаған. 5 минуттан соң да кетпегесін, анасы ұлының шағымына бейжай қарамай, кафе әкімшілігінен жедел жәрдем шақыруын өтінген.
"Мейрамхана әкімшілігіне қазір төтенше жағдай болып тұрғанын түсіндіріп айттым. Сонымен жедел жәрдем келді де, бізді №2 ауруханаға апарды. Ол жерде баламды хирург қарады да, "ештеңе жоқ, бас сүйек хирургиясы бөліміне барып көріңіздер" деді. Ал бас сүйек хирургиясындағы дәрігер аппаратымен үлкейтіп тұрып баламның тамағында балықтың қылтығы тұрғанын көрді. Жақсы маманға тап болдық, балама өте жақсы қарым-қатынас жасап, келісіп отырып қылтықты тез шығарып берді. Осы аралықта телефоным полиция басқармасының қоңырауынан жарылып жатты. Себебі жедел жәрдем шақырғанда ақпарат полицияға да түскен", – деп баяндады ол болған оқиғаны.
Рока есімді дизайнер бұл оқиға туралы Threads желісіне жазды. Ол бұл оқиғадан шу шығаруды мақсат етпейтінін атап өтті.
"Бұл оқиғадан қандай да бір пайда көрейін деп отырған жоқпын. Мейрамхана әкімшілігінен де болған оқиғаның шығынын талап етпеймін. Менің ойымша, қандай жағдайда да адам болып қалу керек және мейрамхана әдейі жасамағанын түсіну керек. Әкімшілік артымыздан ауруханаға барды, бізді көлігіміз тұрған жерге жеткізіп салды. Сонымен қатар үйге барып, алаңсыз тамақтануымыз үшін тамақ салып берді. Қамқорлықтарын көрсетті. Менің бір қуанғаным – баламның шағымына бейжай қарамай, жедел әрекет еткенім", – деп бөлісті ана.
Желі қолданушыларының кейбірі “4 жасар балаға балық алып бергені несі?” деп кінәлап жатса, кейбірі мейрамханалар тағамға қосылған балықты қылтықсыз беруі керек екенін жазып жатыр.
Бала қылтық немесе сүйек жұтып қойса, не істеу керек?
Осы оқиға аясында педиатр дәрігерден бала қылтық жұтып қойса не істеу керек деп сұрадық. Педиатр Алтынай Хедербекқызының сөзінше, қылтық баланың тамағында тұрып қалса, ол өміріне қауіп төндірмейді. Бірақ оны көріп тұрсаңыз, үй жағдайында мұқият алып тастауға болады.
“Әрине, балық жегенде өте мұқият болу керек. Бірақ ұсақ күйектер көзге көрінбей, тамақта тұрып қалуы мүмкін. Біріншіден, әрқашан есіңізде болсын: баланың тамағында тұрып қалған балықтың қылтығы/сүйегі оның өміріне қауіп төндірмейді. Сол себепті ең бастысы сабыр сақтау қажет. Екіншіден, баланың аузын ашып, жарықпен қылтық тұрған орынды көру керек. Егер ол жақсы көрініп, қолжетімді жерде тұрса, өз бетіңізше таза, ыстық суға малынған пинцетпен немесе қолыңызбен алып тастауыңызға болады. Егер үй жағдайында балық сүйегін шығара алсаңыз, артынан баланың тамағын растворлармен шайып, қатты тағамдарды 1-2 күн жемеген жөн”, – деп кеңес етті дәрігер.
Ал қылдық көрінбей тұрса, баланы міндетті түрде ЛОР дәрігерге апару керек.
“Қылтықты көрмей тұрсаңыз, үй жағдайында ешқандай манипуляция жасамаған жөн. Мысалы, нан жеп жіберуге, көп мөлшерде су ішіп жіберуге болмайды. Себебі нанның немесе судың механикалық әсерінен сүйек жұтқыншақтың шырышты қабатына терең кіріп кетуі мүмкін. Мүлдем төмен түсіп, іріңді асқынулар шақыруы да ғажап емес”, – дейді педиатр Алтынай Хедербекқызы.
Дәрігердің айтуынша, балық сүйегінің тамақта тұрып қалуы – жиі кездесетін жағдай. Бірақ бұл жағдай кейде үй жағдайында жасалған манипуляция салдарынан ушығып кетеді.
“Балалар 2-3 күннен кейін қатты жөтеліп немесе дене қызуы көтеріліп келеді. Мұның себебі бронхта, өкпеде тұрып қалған балықтың қылтығы болып шығады. Салдарынан балаларға оториноларингологтың ғана емес, хирургтың да көмегі қажет болады. Сондықтан ересектер қылтықты шығаруды дәрігерге тапсырғаны дұрыс”, – деп түйіндеді дәрігер.