Қай ЕЛДЕРДЕ коктейль ішу қауіпті?

0
283


Қай ЕЛДЕРДЕ коктейль ішу қауіпті?

Сурет: i.pinimg.com

Британдық туристер арасында метанолдан улану жағдайларының тіркелуі жиілеуіне байланысты Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі ескерту жариялады.

«Арзан немесе қолдан жасалған құрамында метанол бар ішімдіктерді тұтыну соқырлыққа немесе өлімге әкелуі мүмкін» деп ескертеді Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі.

Аталған ұйым жүйелі түрде «Метанолмен уланудың белгілерін біл!» атты ақпараттық науқан жүргізіп тұрады. Ол заңсыз немесе қолдан жасалған ішімдіктердің қауіптілігіне назар аударуға бағытталған. Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі британдық туристер арасында метанолдан улану жағдайлары тіркелген сегіз елді ескерту тізіміне енгізіп, өз нұсқауын кеңейтті.

Бұрын бұл тізімде Таиланд, Лаос және Вьетнам елдері болған. Ал жаңа тізім бойынша метанолды ішімдік беруі мүмкін деген қауіпті елдер қатарына Жапония, Мексика, Эквадор, Үндістан, Индонезия, Ресей, Кения және Бангладеш қосылды.

Министрлік бұл елдерде орын алған жағдайлар туралы нақты әрі егжей-тегжейлі ақпарат бермеген. Десе де, бұл шешім асүсті емес, парламент мүшелерімен, денсаулық сақтау және туризм саласындағы сарапшылармен, сондай-ақ метанолмен уланудан зардап шеккендердің отбасыларымен бірлесе қабылданғаны түсінікті.

Туристік аймақтарда қолдан жасалған немесе бақылаусыз сатылатын алкогольді ішуден сақ болу керек. Соңғы уақыттарда орын алған қайғылы оқиғалар барларда, клубтарда және курорттарда арзан ішімдіктерді сатып алудың қаншалықты қауіпті екенін көрсетті.

Айталық, Вьетнамның Хойан қаласында бір британдық және бір оңтүстік африкалық азамат қолдан жасалған лимончелло ішкеннен кейін көз жұмған.

2024 жылдың соңында Лаостың әйгілі Ванг Вьенг курортында британдық пен екі даниялықты қоса алғанда алты саяхатшы метанол қосылған ішімдік ішіп қайтыс болды.

«Шекарасыз дәрігерлер» (MSF) ұйымының мәліметінше, 2019 жылдан бері Индонезияда метанолмен уланудың 334-тен астам күдікті жағдайы тіркелген.

Көпшілігі «арак» деп аталатын қолдан жасалған ішімдікпен байланысты. Бұл – қадағаланбайтын, көбіне үй жағдайында дайындалатын сусын. Әдетте пальма шырыны немесе күріштен жасалып, Бали, Ломбок және Гили аралдарындағы шағын дүкендерде сатылады. Бұл аймақтарда жыл сайын туристер заңсыз ішімдік саудасының құрбаны болады.


Метанол деген не?

Метанол — әдетте антифризге, бояуларға және тазартқыш заттарға қосылатын техникалық спирт түрі.

Ол сырт көзге және дәміне қарай этанолға (ішімдіктегі кәдімгі алкогольге) ұқсайды, бірақ адам ағзасы үшін өте улы. Аз ғана мөлшері де өлімге әкелуі мүмкін.

Бар болғаны 30 грамм таза метанол (яғни бір стандартты рюмка) 12–48 сағат ішінде өлімге соқтыруы ықтимал.

Метанолмен улану көбінесе өлімге әкеледі және оны уақытылы анықтау өте қиын. Алғашқы белгілері: бас айналу, жүрек айну, құсу және сананың шатасуы. Яғни, кәдімгі алкогольден улануға ұқсайды. Саяхатшылар қауіпті түсініп үлгерем дегенше тым кеш болуы мүмкін. Бірнеше сағат ішінде жағдай күрт нашарлап, көру қабілеті бұзылуы, құрысу немесе тыныстың тоқтауы мүмкін.

Метанолдың иісі мен дәмі болмағандықтан, саяхатшылар ішімдіктің қауіпті екенін анықтай алмайды. Сондықтан Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі туристерге қолдан жасалған немесе белгісіз ішімдіктерден, коктейльдерден, сондай-ақ шелекпен немесе графинмен сатылатын сусындардан бас тартуға кеңес береді. Сондай-ақ, сусындар мен ішімдікті тек лицензияланған мекемелерден, мөрленген бөтелкелермен сатып алуды ұсынады.


Метанолмен улану ең жиі қай елдерде кездеседі?

Деректер бойынша, 2019 жылдан бері метанолмен улану жағдайлары ең көп тіркелген ел — Индонезия.

Алғашқы ондыққа Үндістан (140 жағдай), Ресей (121), Бангладеш (53), Пәкістан (42), Қытай (30), Камбоджа (28), Иран (28), Вьетнам (28) және Кения (24) кіреді.

«Шекарасыз дәрігерлер» дерекқорының мәліметінше, уланудан зардап шеккен адамдардың саны бойынша Иран көш бастап тұр — 9 600 адам. Ал Эквадор 10-орында (938 турист зардап шеккен).

Жыл сайын метанолдан мыңдаған адам көз жұмады, Азия ең көп зардап шеккен аймақ болып қала береді.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ШЕТЕЛДЕГІ ҚАУІП: қандай ережелерді естен шығармау керек

Қарапайым халық ҒАРЫШҚА қашан САПАР ШЕГЕ алады?