​Қазақстанда бірқатар дәрілік заттардың бағасы төмендеді

0
96

2026 жылдан бастап медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер ҚҚС-тан босатылады.


​Қазақстанда бірқатар дәрілік заттардың бағасы төмендеді

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

ERNUR.KZ. Қазақстанның фармацевтикалық нарығында мемлекеттік реттеу жүргізілетін бірқатар дәрілік заттардың бағасы төмендеді, деп жазады inform.kz.

Баға төмендеуі жаңартылған баға белгілеу тетігін жүзеге асырумен байланысты. Бұл жүйе дәрілік препараттардың құнын қалыптастыру үдерісін барынша ашық және болжамды етуге бағытталған.

Қазіргі уақытта дәрілік заттардың 4994 саудалық атауына шекті бағалар бекітілген. Ал рецептсіз босатылатын 1707 препарат мемлекеттік реттеуден шығарылып, уәкілетті орган тарапынан тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп келеді.
2025 жылы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті еліміздің 20 өңірінде дәрі-дәрмек бағасына мониторинг жүргізді. Зерттеу вирусқа, қабынуға, бактерияға қарсы, жүрек-қантамыр және асқазан-ішек ауруларын емдеуге арналған ең көп сұранысқа ие 50 препаратты қамтыды.
- Қыркүйек айындағы талдау қорытындысы бойынша маусыммен салыстырғанда дәрілердің 34%-ының бағасы орта есеппен 7,8%-ға, ал қазан айында 50%-ының бағасы 11,1%-ға төмендеген.
Ең айқын төмендеу келесі дәрілерде байқалды: Гепар комп. Хеель, Ревмоксикам, Цефяпс, ВАЛМАК-Н, Зитмак. Бұл дәрілік заттар халық тұтыну құрылымында маңызды орын алады және түрлі ауруларды емдеу кезінде кеңінен қолданылады, - делінген ақпаратта.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті халықты әділ бағалармен сапалы әрі қауіпсіз дәрілермен қамтамасыз ету мақсатында нарықтағы үрдістерді талдауды және жүйелі мониторингті жалғастыратынын хабарлады.
Сонымен қатар, дәрілік заттарды өткізу кезінде заңбұзушылық анықталған жағдайда азаматтар DariKZ және Naqty Onim мобильді қосымшалары арқылы немесе комитеттің өңірлік департаменттеріне жүгіну арқылы хабар бере алады.
Айта кетейік, 2026 жылдан бастап медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер ҚҚС-тан босатылады.