"Балама бес секундымды қимадым": жас ана баласына көбірек көңіл бөлмегеніне өкінеді

0
294

Бір күні терезе алдында отырған кішкентай ұлымның сөздері тоқтатты...


Сурет: i.pinimg.com

"ERNUR.KZ сайтына шығатын оқиғаларды үзбей оқимын. Әркімнің өмірі бір кітап сияқты ғой, қай өайссынан болмасын сабақ алуға, ой түюге болады. мен де өз көкейімде жүрген бір ойымды бөлісуді жөн көрдім. Барлық аналарға айтарым бар"

Осылай деп хат жолдаған оқырманның жазбасына бірге көз жүгіртейік.


"Ана болған соң, бәріне үлгергіміз келеді. Үй тап-таза болсын, тамақ уақытында дайын болсын, баланың киімі жуулы, сабағы қаралған, бәрі мінсіз болсын дейміз. Кейде шаршап, қалжырап жүрсек те, өзімізге демалуға рұқсат бермейміз. «Мен бәрін үлгеруім керек», «Мінсіз болуға тиіспін», «Ең жақсы ана болып көрінуім керек» деген оймен шапқылап жүреміз.

Мен де сөйтіп әр күні таңның атысы, кештің батысы алашапқын бола беріппін. Бірақ бір күні терезе алдында отырған кішкентай ұлымның сөздері тоқтатты. Кіржуғыш машинадан жуылған киімдерді шығарып жатқан едім. Қасыма келген балам қарап тұрып «Анашым, сен әлемдегі ең жақсы анасың!» деді. Ал мен болсам баламның осы бір қымбат сөзіне "Ой, рақмет, балам!" деген арзан жауап айта салып, жалған жымиып, жуылған киімді жаюға сыртқа шығып кеттім. Мейірленіп құшақтағым келді-ақ, бірақ соған бес секундымды қимадым емес пе? Өйткені "мына тірліктің бәрін ертерек бітіру керек" деп асығып жүрмін. Артымнан біреу қуғандай, тоба...

Кір жайып жүріп баламның сөзін ойлап, жүрегім елжіреп, риза боп жымиып қоямын. Бір сәтте езуім бірден жиылды. Өзімнің қандай қателік істегенімді қазір ғана түсіндім. «Неге шылапшынды жерге қоя салып, баламды құшақтамадым! «Сен де әлемдегі ең тамаша баласың!» деп неге айтпадым?» Осылай деп өзіме ұрса жөнелдім.

Мен неге бәрін керемет істеуім керек деп шаршап жүрмін? Көңілімді балама емес, оның киімдеріне көбірек бөліп тұрмын ғой. Байқасам, жанұямыздағы жылулық емес, үйдің жылулығы, бір-бірімізге деген көңілдің кіршіксіз тазалығы емес, үйдің тазалығы артық боп тұр ғой мен үшін. Бір қызығы, сонда да балам үшін ең жақсы ана екенмін! Осындай қатеме көз жұмған ол басқа тірліктерімнен мін тауып, мені кінәлаушы ма еді?

Сол күннен бастап, өзімді қатты қыспауға, барымды салып, бірақ өзімді де ұмытпай өмір сүруге тырысатын болдым. Оның өзін ұмытып кете беріп, өз-өзіме қайта-қайта есіме салып, ескерту беріп жүріп әрең үйрендім. Өйткені балаға тап-таза еденнен көрі, күлімдеген ана көбірек керек. Мінсіз әдемі безендірілген торт емес, шаршамаған анамен бірге отырып жеген қарапайым торт тәттірек. Мінсіздік емес, махаббат маңыздырақ.

Сондықтан барлық аналарға «Бар уақыт, күшіңізді тірлікті мінсіз жасауға жұмсап тауыспаңыз» дегім келеді. Оның орнына балаңызбен ойнаңыз, бірге шаруа жасаңыз, серуендеңіз, сөйлесіңіз, жай ғана құшақтап үнсіз отырыңыз."