Алматыда ағаш құлаған қызды дәрігерлер құтқара алмады

0
78

Аурухананың баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 маусым күні науқас медициналық мекемеге аса ауыр жағдайда жеткізілген.


Алматыда ағаш құлаған қызды дәрігерлер құтқара алмады

ERNUR.KZ. Алматыдағы Баум тоғайында ағаш құлап ауыр жарақат алған 19 жастағы қыз ауруханада қайтыс болды, деп жазады inbusiness.kz

№4 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері оның өмірін сақтап қалу үшін екі апта бойы күрескенімен, қызды аман алып қалу мүмкін болмады.


Аурухананың баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 маусым күні науқас медициналық мекемеге аса ауыр жағдайда жеткізілген.

Жағдайының күрделі болуына байланысты ол анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде ем қабылдаған. Дәрігерлер қажетті диагностикалық және емдік шаралардың толық кешенін жүргізіп, науқасты тәулік бойы бақылауда ұстаған.

"Барлық медициналық көмектің көрсетілуіне қарамастан, емнің 14-ші күні науқастың жүрегі тоқтады. Жүргізілген реанимациялық шаралар нәтиже бермей, биологиялық өлім тіркелді", – деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.

Медицина мекемесінің ұжымы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Еске салсақ, қайғылы оқиға 27 маусым күні шамамен сағат 15:00-де Баум тоғайында болған. Қыз отбасымен серуендеп жүрген кезде оның үстіне қураған ағаш құлап кеткен. Салдарынан бас сүйегі жаншылып, сан сүйегі мен аяғы сынып, денесінің түрлі жерінен ауыр жарақат алған.

Бұған дейін Алматы әкімдігі аталған оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған еді. Сондай-ақ әкімдік Баум тоғайында ағаштардың құлау қаупі туралы ескерту белгілері орнатылғанын мәлімдеген.