Алматыда арт-терапия жобасы аясында қайырымдылық спектаклі өтті

0
1 259

Әртістердің әрқайсысы онкологияға шалдығып, ұзақ әрі ауыр күрес жолын жүріп өткендер.


Алматыда арт-терапия жобасы аясында қайырымдылық спектаклі өтті

ERNUR.KZ. М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында қазақстандық сазгер Юлия Лебедеваның «Музыканың арғы жағында» атты ертегілік спектактілінің тұсаукесері болды, деп жазады baq.kz.

Аталған шара онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға арналған «Шығармашылық қанатымен» атты арт-терапия жобасы аясында ұйымдастырылды.
Алғашқы қойылымның басты ерекшелігі – рөлдерді жас актерлер ойнады. Олардың әрқайсысы онкологияға шалдығып, ұзақ әрі ауыр күрес жолын жүріп өткендер. Кейбір балалар әлі емделіп жатыр.

Драма театрының сахнасында болған қойылымда басты рөлдердің бірін есімі бүкіл әлемге танымал жас орындаушы Данэлия Түлешова сомдады. Ол спектакльге қатысу арқылы күрделі аурулармен күресуге мәжбүр болған балаларға қолдау көрсеткісі келген.
Ұйымдастырушылар қойылымның алдында арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, БАҚ өкілдерімен тілдесті.

«2013 жылдың соңында бұл бірлестікті тәжірибедегі дәрігерлер құрды. Білім беру және ғылыми зерттеу жобаларымен қатар, біз әлеуметтік жобалармен де айналысамыз. Осы кәсіпте еңбек ете жүріп, біз онкологиялық аурулармен күресу мықты рухты, моралдық және тәни күш-қуатты қажет ететіндігін, ал осы ауруға тап болған отбасы мүшелері психологиялық және моралдық қолдауды қажет ететіндігін түсінеміз. 2017 жылы «Ғылыми-медициналық қоғам» ҚБ «Шығармашылық қанатымен» атты жобаны іске қосып, оның аясында Ғылыми педиатрия және балалар хирургиясы орталығының науқастары актерлік шеберлік, декорациялар мен костюмдерді жасау өнерімен, яғни театр өнеріне баули бастады», - дейді «Ғылыми-медициналық қоғам» ҚБ төрайымы, «Шығармашылық қанатымен» жобасының авторы және құрушысы Сурия Есентаева.

Оның айтуынша, жобаның алғашқы жылында М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма тетарының сахнасында «Мөлдір құдық» атты музыкалық ертегі қойылған. Онкологиялық ауруға шалдыққан балалар актер ретінде рөл ойнап, билеттерді сатудан түскен бүкіл қаржы олардың емін жалғастыруға бағытталыпты.

2018 жылы Астанадағы Елшілер жұбайлары дипломатиялық клубының «ASA» қайырымдылық комитетінің қолдауымен Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында «Батыр вакциона» атты спектакль қойылып, онда тағы да кішкентай науқас балалар рөлдерді сомдаған. Спектакльдердің екеуі де зор мерейге бөленіп, оған қатысу балалардың жалпы хал-ахуалына оңынан әсер етіп, олардың емделу нәтижесі жақсара түскен көрінеді.

«Ұзақ әрі күрделі емнен өткен балаларды оңалту және әлеуметтендіру біржолғы іс емес, оны тұрақты түрде жүргізіп тұру қажет. Қазіргі таңда біз балаларға актерлік шеберлікті үйрететін «Шығармашылық қанатымен» атты шағын арт-терапия студиясын аштық. Театр - көп қырлы өнер, оған бейнелеу өнері, музыка, модельдеу, актерлік шеберлік, би сынды өнер түрлері кіреді. Күрделі және сирек ауруларға шалдыққан балаларға арналған арт-терапиялық жобамызды толығымен жүзеге асыру үшін әрбір бала мен ересекке өздерінің жүрегіне жақын шығармашылық бағытты таңдауға мүмкіндік беретін Арт-терапия орталығын құру қажет», - дейді жобаның көркемдік жетекшісі Нұрия Қожамұратова.