Басқармадағылар тек өтініш жазғандар ғана ақылы еңбек демалысына кеткенін айтты.
ERNUR.KZ. Қазақстандықтар Telegram мессенджерінде тараған «Алматыда дәрігерлер мен медперсонал ақысыз демалысқа жіберілуде» деген хабарламаны талқылап жатыр. Хабарлама авторының айтуынша, жұмыс орындарында тек COVID-госпитальдерде жұмыс істеуге келіскендер ғана қалған. Алайда, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасындағылар бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Жалған ақпарат. КВИ-ға қайта бейімделген ауруханаларда тек өтініш жазғандар ғана ақылы еңбек демалысына кетті. Қалған дәрігерлер инфекциялық бөлімшелерде жұмыс істеу үшін сараланған түрде қайта бөлінді», – деп хабарлады ведомстводан.
Басқармадағылардың мәліметінше, Алматыда ЖРВИ, пневмония және КВИ белгілері бар азаматтардан 300-ге жуық шақырту тіркеледі. 31 наурызда Алматыда бұған COVID-19 жұқтырғандарды жатқызу үшін қайта жабдықталған HALYK ARENA спорт кешені қайта іске қосылды. Кешен 1000 төсек-орынға есептелген. Онда жағдайы орташа болған коронавирус инфекциясын жұқтырғандар жеткізіледі.