ERNUR.KZ. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында тұқымбақтардың көлемін ұлғайту және жасыл желек қорын молайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов Ордабасы ауданындағы «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне» арнайы барып, тұқымбақ шаруашылығымен және өндіріліп жатқан көшет түрлерімен танысты.
Ордабасы ауданындағы Қажымұхан елді мекенінде орналасқан тұқымбақтың жалпы аумағы 5 гектарды құрайды. Мұнда қарағаш, үйеңкі, шаған, айлант, боз арша және туя секілді ағаш түрлері өсіріледі.
Мекеменің тұқымбағында жыл сайын 300 мыңнан астам көшет өсіріледі. Көшеттерге деген сұраныстың артуына байланысты тұқымбақтар үш жерде уақытша ұйымдастырылған.
2026 жылдың көктемінде мекеме тарапынан 31 630 түп түрлі ағаш көшеті босатылды. Күзгі маусымда 163 300 түп көшет үлестіру жоспарланған. Қазіргі таңда 45 780 түп көшет қазылып, оның 8 580 түбі Сайрам және Ордабасы аудандарына берілді.
Басқарма басшысы тұқымбақта өсіріліп жатқан көшет түрлерін көріп, олардың сапасын тексерді. Сондай-ақ 2026 жылғы күзгі ағаш отырғызу науқанына дайындық барысы пысықталды. Жауапты мамандарға көшеттерді сапалы дайындау, отырғызу жұмыстарының мерзімінде әрі талапқа сай жүргізілуі жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жалпы, облыста жасыл белдеу мен орман қоры аумақтарын ұлғайту жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда. Алдағы уақытта тұқымбақтардың аумағын кеңейтіп, көшет өсіру көлемін арттыру жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында.


